424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде браконьерлерге жаза күшейеді

  • 2242
  • UPD: 23:17, 22.02.2019

Бас прокуратура өкілдері заңсыз аң аулағандарды ауыр жазаға тарту керек деген бастама көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар ерекше қорғауға алынған аңдарды қынадай қырған күдіктілер көбіне айыппұл төлеумен ғана шектеліп жататынын айтады. Сондықтан Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіп, осы күзде Парламент қарауына беруді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта браконьерлер аңдарды көліктермен аулағанда ғана немесе жануарларды жаппай қырған кезде ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жаңа өзгеріс бойынша, енді бір аңның өзін заңсыз атып, қолға түскендерге санкция салынады, соттың шешімімен дүние-мүлкі түгел тәркіленеді. Сондай-ақ олардың әрекеті аса ауыр қылмысқа бағаланып, қатаң жаза тағайындалады.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Егер заңсыз қылмыс болса, браконьерлікке жатады. Қандай қару қолданса да ауыр қылмыс жасаған болып есептеледі. Одан кейін, мініп жүрген көлігі де, аң аулауға пайдаланған барлық дүние-мүлкі де мемлекетке тәркіленеді.

Бас прокуратура өкілдері Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу үшін Батыс елдерінің үлгісін негізге алғандарын айтады. Осыған дейін жеңіл қылмыс жасап, тараптардың татуласуымен жазадан сытылып кететіндер көп еді. Бірақ жаңа өзгеріс бойынша, айыпқа іліккен адамға ондай мүмкіндік берілмейді. Яғни бір рет қылмыс жасап, жәбірленушінің кешірімін алған адам келесі жолы тағы қылмысқа барса, онда жазадан құтылмайды. Пагон таққандар мұндай қадам елдегі қылмыс санын азайтуға септеседі деп отыр. Қазірдің өзінде елімізде түрмеде отырғандар саны сирей бастапты. Бұрын 35 мың адам болса, қазір 30 мыңға азайған. Оның үстіне соңғы 20 жылда елде жасалатын ауыр қылмыстар саны 15 процентке төмендепті.   

Хабар 24 телеарнасы