387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыны жарықпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді

  • 587
  • UPD: 23:14, 22.02.2019

Алматыдағы Горный гигант шағын ауданында 30 жыл бұрын салынған шағын станция таудан аққан лай көшкініне тап болған еді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Егер ол істен шықса, қаланың үштен бірі жарықсыз қалуы мүмкін. Бірақ қазір қауіп сейілген.

Қаланы үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету мақсатында 3 жыл бұрын Ерменсай жобасы қолға алынған болатын. Таулы қыратта апатты жағдайда тұрған станцияның жұмысын жеңілдету үшін құны 6,7 млрд теңгеге бағаланған қуаты 500 мегаватт заманауи қосалқы станция салынып, пайдалануға берілді.

Мұхит Үмбетов, жарықпен қамтушы компанияның басқарма төрағасы:

- 220-110 киловольттық энергия тораптарын біріктіріп, 10,5 шақырымға кабель желісін жүргіздік. Бұл бүгінгі күні ең сапалы желі саналады және оның пайдалану мерзімі 25 жылға жетеді.  

Енді мегаполистің барлық аудандарында жиі жарық сөніп қалу деген болмайды. «Бірақ қала ішіндегі ескі электр желілері мен әр ауданға жарық жеткізетін шағын трансформаторлардыауыстыру қажет», – дейді мамандар.

Серік Төтебаев, энергетика компаниясының атқарушы директоры:

- Енді біз төмен жағын ойлап жатырмыз. Электр энергиясын тура тұтынушыларға жеткізу. Көп станциялар қуатын алмай жатыр.

Қазір қаладағы электр желілерін қайта жарақтандыру үшін қанша қаражат керек екені анықталып жатыр. Бірақ ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Алматыда бұдан былай аракідік жарықты сөндіру болмайды. Қаланың энергия қауіпсіздігін заманауи қондырғылармен жабдықталған ірі 33 қосалқы станция қамтамасыз етеді деп сендірді компания басшылары.  

Авторлары: Асқар Серғалиев, Жандос Айтбай, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы