427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды іргесіндегі Саран қаласы сусыз қалды

  • 2112
  • UPD: 22:13, 23.02.2019

Саранда тұрғындар сусыз отыр. Қарағандының іргесіндегі шағын қалада тіршілік нәрі уақытылы берілмеген соң жұрттан маза қашқан. Кір-қоңын жумақ түгіл ауыз суға зар.

Ал дүкендегі сатулы судың бағасы екі есе өсіп кеткен. Мамандар бұзылған құбырды жөндеп әлек. Бірақ тозығы жеткен жүйенің бірі жөнделсе, екінші тұсы сыр беріп әуреге салып жатыр. Жағдайдың анық қанығын аймақтағы тілшіміз біліп қайтты

Валентина Баймұратова күніне дүкеннен 20 литр су сатып алады. Олардың шағын ауданындағы тұрғындар ​ ауыз сусыз үшінші тәулік отыр. Қала ішіндегі су құбырларын жоспарлы ауыстыру кезінде мердігер негізгі су құбырын зақымдап алған.

Валентина Баймұратова, Саран қаласының тұрғыны:

- Менде қазір жиырма бөшке, өйткені ыдыс жуып тамақ дайындау керек. Ал кір жууға су жоқ. Тіпті дәретханаға суды даладан қар әкеліп оны ерітіп су толтырамыз.Су тасушы көлік келіп тұрады, бірақ кеше тым кеш келді, түн ортасында бесінші қабатқа су тасу қиын.Біздің 21 ші ақпаннан сусыз отырғанымызға қарамастан, кеше су тасушы көлік бір-ақ рет келді. 

21 ақпанда орын  алған апат салдарынан қазір қаладағы тұрғын үйлердің 70 пайызы сусыз қалды. Ал қала дүкендерінде бөтелкедегі судың бағасы екі есеге өскен.

Валентина Цымферт, Саран қаласының тұрғыны:

- Дүкендерде судың бағасы күрт көтерілді. Мысалы бұрын бес литрлік су 200 ​ теңгенің көлемінде болатын, ал қазір 300 теңгеге сатып алып жүрміз, кей жерлерде ​ 500 ге теңгеге дейін шарқырап тұр судың бағасы.

22 ақпанда апат жойылды. Десекте сол күні қаланың басқа көшесінде орналасқан су құбыры жарылып, қала толығымен ауыз сусыз қалды. Кейбір шағын аудандарға су тек​ үш тәуліктен кейін жеткен.

Мақсұт Қожанов, Саран қаласы әкімінің орынбасары:

- Жүйе толтырылғаннан кейін қысым 5 атмосферге көтеріліп, қалаға толық су беріледі. Бұл жағдайды ешкім әдейі жасап отырған жоқ. Схема сонау 50-жылдары жасалған, бұл құбырдың дәл осы жерде жатқанын ешкім білген жоқ. Негізгі құбырлар шойыннан жасалған. Шойын балқытылмаған соң оны кесуге тура келді, сол себептен жөндеу жұмыстары бірнеше күнге созылып отыр.

Саран қаласындағы су құбырларының 80 пайызың тозығы жеткен. 2019 жылы ​ 14 шақырым желі ауыстырылмақ. Бұл жоспарға бюджеттен 350 млн теңге бөлінген деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Асет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы