425,78 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да 16 фронт-кеңсе жұмыс істейді

  • 1865
  • UPD: 15:09, 24.02.2019

Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары цифрлық жүйенің жемісін көре бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әсіресе ауылдық жердердегі полицейлер мал ұрлығы деректерін ізін суытпай ашуда қашықтықтан басқарылатын ұшу аппараттарын қолданып жатыр. Көшелерге орнатылған бейнебақылау камералары заңбұзушылықтар санын едәуір азайтуға сеп болған. Сонымен қатар барлық полиция бөлімшелерінде арнайы фронт-кеңселер ашыла бастады.

Жеке куәлігін жоғалтып алған Самал Оспанова бірден полиция бөліміне келді. Фронт кеңсенің мамандары 15 минуттың ішінде азаматшаның мәселесін тыңдап, оның шешілуіне көмек көрсетті.

Самал оспанова, М.Жұмабаев ауданының тұрғыны:

- Бұрынғы кезде жүре беретінбіз. Анда жібереді, мұнда жібереді. Мәселелер көп болатын. Ал қазір ыңғайлы болды. Осындағы қызметкерлер де азаматтық киіммен отырады екен. Бұл ауылдың тұрғындарына өте ыңғайлы.

Бүгінгі күні облыста осындай 16 кеңсе бар. Олардың барлығы Халыққа қызмет көрсету орталықтары қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Полиция бөлімдерінің жанынан ашылған фронт-кеңселерде барлық жағдай жасалған. Тіпті мұнда келгендерге мемлекеттік қызмет түрлері де көрсетіледі. Мұнымен қоса, консультативтік кеңес те беріледі.

Көшелерге бейнебақылау камералары орнатылғалы полицейлердің жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында қазір 100-ден астам құрылғы жұмыс істеп тұр. Былтыр осы камералардың көмегімен 250-ден астам әкімшілік және 30-ға жуық қылмыстың беті ашылды. Ал жасалатын заңбұзушылықтар саны 19 процентке азайған.

Алмагүл Баязитова, М.Жұмабаев аудандық ПБ технигі:

- Тәулігіне 20 шақты заңбұзушылықты анықтаймыз. Бұлар – темекі тұқылын лақтыру, жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тақпағаны сынды фактілер. Камералар түнде де анық түсіреді. Ал жазба 45 күн сақталады.

Мұнымен қоса полицейлер адам бара алмайтын, техника жете алмайтын жерлерді дронның көмегімен бақылайды. 

Жасыратыны жоқ, бұрын әуеден бақылайтын дрондарды тек телевизия саласында жұмыс істейтін мамандар ғана пайдаланатын. Ал қазір мұндай құрылғыны бақташылар да, полицейлер де қолданады екен. 

Әділбек Жарасов, М.Жұмабаев аудандық ПБ бөлімше басшысы:

- Бір шаруашылықтың басшысы арыз жазған. 370 бас қой жоғалғандығы туралы. Квадрокоптердің көмегі арқылы біз Ресей шекарасына жақын маңда сол қойларды таптық. Осы квадрокоптер қазіргі кезде біздің қызметімізде жұмысты өте жеңілдетті.

Жалпы алдағы уақытта қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қадағалау үшін елімізде арнайы бірыңғай жүйе қалыптаспақ. Бұл жобаны Ішкі істер министрлігі мен жергілікті әкімдіктер бірлесе жүзеге асырады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев, Вадим Пятков

Хабар 24 телеарнасы