384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеге ем іздеп келетін шетелдіктер қатары артқан

  • 482
  • UPD: 07:12, 25.02.2019
Ақтөбеге ем іздеп келетін шетелдіктер қатары артқан

Ақтөбедегі медициналық мекемелерге сырттан ем іздеп келетіндердің қатары көбейген. Мысалы, 2016 жылы 100 шетел азаматы медициналық көмек сұраса, былтыр 448 шетелдік жергілікті дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. 

Әсіресе Ресейдің шекаралас облыстарынан жиі келеді. Оның басты себебі- заманауи озық технологиялармен жабдықталған медициналық орталықтардың көбеюі. Облыста соңғы 5 жылда 40-тан астам су жаңа аурухана мен емхана пайдалануға берілді. Қалаға қыдырып келіп, оқыс жағдайға тап болатындар да аз емес. Мысалы, жақында Ақтөбедегі туыстарына қонаққа келген Өзбекстандық келіншектің миына қан құйылып, комаға түскен еді.  Жедел жәрдем қызметі науқасты облыстық аурухананың нейрохирургия бөліміне жеткізген. Дәрігерлер дереу операция жасап,оны аман алып қалды. Облыста осы диагноздан өлім көрсеткіші 70 пайыз болса, қазір 30 пайызға дейін азайды. Себебі, бұрын операция  Алматы мен Астанада жасалатын. Қазір ақтөбелік дәрігерлер өздері жасап жүр.

Райса Өмірханова, Өзбекстан Республикасының азаматшасы:

- Жедел жәрдем бірден алып кетті де, осы жерге алып келді. Рахмет, аяқ астынан құтқарып қалды. Қолым тартатын еді, басым ауыратын еді. Өтіп кетеді ғой деп жүре бердім. Дәрі де ішпедім. Негізі, дәрі ішіп, қаралып жүру керек екен.

Мақсат Оразжанов, облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл кісі ауыр жағдайда түсті, кома жағдайында. Артерия венозды тамыр жарылып, миына қан кетіп. Операция уақытылы жасалмаса, жаңағы қан құйылып түскен науқастардың өлімі көбейеді, 100 пайызға дейін. Қан тамыры жарылмай түскен кезде эндоскопиялық хирургия бар бізде, артерияға эмболизация жасайды. Ол кезде науқас өлімі азаяды.

Хабар 24 телеарнасы