386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да балалардың тыныс алу жолдарының сырқаты жиілеп кеткен

  • 918
  • UPD: 08:34, 25.02.2019

Көп балалы аналардың көпшілігі гинекологиялық ауруға шалдықса, балаларда тыныс  алу жолдарының сырқаты жиілеп кеткен. Шығыс Қазақстан облысында  «Саламатты ана мен бала» республикалық шарасының онкүндік нәтижесін қорытындылаған мамандар осындай мәлімдеме жасап отыр.

Дегенмен, өтіп жатқан айлық өз денсаулығына мән бермей жүрген тұрғындарға серпіліс беріп отыр. Қазірдің өзінде облыста 2 мың ана мен 6 мыңнан астам бала кешенді дәрігерлік тексеруден өтіп үлгерген.

«Саламатты ана мен бала» айлығы ауылдық жерлерде де ұйымдастырылды. 40 мың тұрғыны бар Ұлан ауданында 1007 көп балалы отбасы болса, соның тең жартысынан көбі медициналық тексеруден өткен. Алты баланың анасын Маралдым бала-шағасын ертіп, аудандық ауруханаға бүгін жетіпті. Бір күнін арнап, өзі де, балаларын да кешенді бақылаудан өткізбек.

Маралдым Қажияқперова, көп балалы ана:

- Балалар болғаннан кейін біреуін сабаққа шығарасың, екіншісін тосып аласың, уақыт болмайды, енді сондықтан біз өзімізге көп көңіл бөле бермейміз,түн ұйқымызды төрт  бөліп осылармен жүреміз. Осылар ауырмасын, әйтеуір балалар ауырмасын дейміз енді.

Маралдым балалардың денсаулығы туралы ғана емес, оларды тамақтандыру тәртібі мен иммунитетін көтеру жолдары жайлы да мол мағлұмат алды. Өйткені күміс алқалы ана 7-баласына жүкті екен. Сондықтан өзі де гинеколог маманға қаралып шықты. Акцияның маңыздылығы сол тұтастай бір отбасы барлық қабылдаудан бір күнде, бір жерден өтеді.

Біржан Қалибеков, Ұлан аудандық ауруханасының педиатры:

- Тиімділі сол бізде жоқ, мамандардың кеңесі қажет болатын болса және аудандық ауруханада жоқ тексерістер керек болатын болса, біз жолдама арқылы ешқандай қиындықсыз тегін білікті мамандардың көмегіне жүгіне алады.

Жағдайына байланысты ауруханаға келе алмаған көп балалы жанұяларға аудандық дәрігерлер үйлеріне барып , қызмет көрсетті. Күйбең тіршіліктен бас ала алмай жүрген 10 баланың анасы Қорлан үшін бұл үлкен мүмкіндік.

Қорлан Дуанова, көп балалы ана:

- Бір ауырған кезде барлығы бірден ауырады,әсіресе қазір вирус жүріп жатқан кезде, барлығы бірден ауырған кезде шыға алмаймыз ауруханаға.

Әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарайтынын мамандар да растап отыр. Мәселен, олардың арасында қазір гинекологиялық аурулар дендеп кеткен.

Лиля Нұртаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің маманы:

- Әрбір медицналық ұйым тарапынан арнайы бригада құрылған.Құрамында әлеуметтік қызметкер, психолог, медбике,дәрігерлер бар. Айта кеткен жөн, бұл айлық тұрғындардың өз денсаулықтарын сақтауға деген құлшыныстарын арттыра түсті.Тексерілген нәзік жандылар бойынан  гинекологиялық аурулар жиі анықталса, балаларда тыныс алу, одан кейін тамақ пен құлақ,үшінші орында неврологиялық аурулар жиі анықталып жатыр.

 «Саламатты ана мен бала» акциясы наурыз айының ортасына дейін жалғасады. Сондықтан мамандар тек ана мен балаларды ғана емес, әр үйдің отағасын да толыққанды тексеруден өтуге үндейді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы