430,73 519.25 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Емделуге келетін шетелдіктер қандай дәрігерге көп қаралады?

  • 2228
  • UPD: 10:34, 25.02.2019

Өткен жылы отандық клиникаларда 2 мыңнан астам шетелдік ем қабылдапты. Мәселен, туристер арасында кардио-, нейрохирургия, репродуктология, стоматология, ортопедия мен ағза мүшелерін алмастыру қызметтеріне және емдік процедураларға сұраныс жоғары.

Әшіргүл Бердімұратова - Өзбекстан елінің тумасы. 30 жастағы ұлының жұлынына ісік шыққан соң медицинасы озық шаһарлардың бірі саналатын Ташкентті емес, Астанадағы Ұлттық нейрохирургиялық орталықты таңдаған. Оның айтуынша, елордадағы медициналық мекемелерде науқастар үшін барлық жағдай жасалған.

Әшіргүл Бердімұратова, емделушінің анасы:

- Ташкентті таңдау мүмкіндігім болды, бірақ мен өзіміздің отандық дәрігерлерге сенім арттым. Өкінбедім, өте қуаныштымын. Өте тамаша, білікті дәрігерлер мың алғыс айтамын. Өте сәтті өтті, кеше балама ота жасалды.

Орталықта жылына 3500-4000 операция жасалады. Оның 30-дан астамы - шетелдік азаматтар. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 3 процентке көп. Оның ішінде 90 проценті ТМД елдерінен. 

Серік Кәрібай, Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлімше меңгерушісі:

- Мысалы, сұраймыз ғо, олардан неге бізге келдіңіздер деп. Олар айтады бұрын біз басқа елдерге баратын едік, мысалы Түркияға, Қытай жаққа баратын едік дейді. Бірақ Қазақстан ең біріншіден ол тіл жағынан да жақын, дін жағынан да жақын. Қазақстанда өзі емдеу жағы өте сапалы болды. Біздің специалистер үлкен үлкен басқа елдерде Америка мен Еуропада білім алып келеді. Екіншіден, «Болашақ» программасы бізге үлкен көмек беріп жатыр.

Бұл томотерапия орталығы. Орталықта 2 аппараты бар осындай мекеме әлем бойынша тек бесеу ғана. Мұнда онкологиялық дертке шалдыққан науқастар сәуле арқылы ем қабылдай алады. АҚШ-та осыдан 9 жыл бұрын енгізілген ядролық медицина тәсілдері енді біздің елде де бар. 2 ай ішінде 20-дан астам шетелдік азамат есепке жазылып, сәулелі ем қабылдау кезегіне енгізілді.

Бейбіт Көпбаев, орталықтың лаборант операторы:

- Заманауи талаптарға сай аппарат болып келеді. Бұл қатерлі ісіктердің бастапқы кезеңінде өте тиімді болады. Күніне 50-60 адам қабылдай аламыз. Және шетелден бізге өтініштер түсіп жатыр: Латвиядан, Ресейден, Қытайдан науқастар өз өтініштерін білдіріп жатыр.

Ал жүрегіне күрделі операция жасату үшін туристер жергілікті кардиохиругиялық орталықты таңдайды. Шетелдік азаматтарды отандық дәрігерлердің тәжірибесімен қатар, отадан кейінгі күтім де қызықтырады. Өткен жылы елордалық мекемеде жүзден астам турист емделген. Оның ішінде көршілес елдермен қатар, Түркия, Әзербайжан, Грузия мен Венгрия сынды мемлекеттерден келген емделушілер де бар. Айта кетейік, жыл сайын елімізге әлемнің 45 мемлекетінен бірнеше жүздеген медициналық турист келеді.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Марат Диқанбаев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы