422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде аз қамтылған үш отбасы баспаналы болды

  • 1918
  • UPD: 23:23, 25.02.2019
Ақтөбеде аз қамтылған үш отбасы баспаналы болды

Ақтөбеде әлеуметтік аз қамтылған 3 отбасыға пәтер беріліп, 17 анаға шипажайға жолдама табыс етілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жергілікті билік әлеуметтік саланы қолдауды мықтап қолға алған. Енді тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылардың жеке әлеуметтік картасы жасалмақ. Мемлекеттік органдар сол бойынша жұмыс істейтін болады.

Екінші топтағы мүгедек келіншек жолдасы қайтыс болғалы бері тұрмысының қиындап кеткенін айтады. Мектеп жасындағы 2 баласымен пәтер жағалап жүріпті. Жағдайын айтып қоғамдық қабылдауға барған. Шолпанның қиын тағдыры туралы естіген жергілікті кәсіпкер пәтер сатып алып берді. Жалғызбасты ана «Нұр-Ақтөбе» шағынауданында салынған жаңа үйге қоныстанды.

Шолпан Әбетова, қала тұрғыны:

- Мен ойлаған жоқпын үй аламын деп. Көзімнен жас шығып кетті. Кішкентай қызбен қанша жүгірдім, әкімдікке де бардым. Не істейміз енді. Науырзда тағы пәтер ауыстырамыз ба деп отыр едік. Пәтер берген адамның шаңырағы, кәсібі көтеріле берсін.

Тағы екі отбасыға да дәл осындай пәтер бұйырды. Бірі – көпбалалы, енді бірі – жалғызбасты ана. Гүлпаран Байбосынова да өзгенің баспанасын жалдап келген. Ол күйеуі бақилық болып, бар тауқымет өзіне артылғанын айтады. Бір мекемеде еден жуатын келіншектің бар тапқаны балалардың тамағы мен пәтер ақыдан аспаған. Енді отбасының баспана мәселесі шешілді. Құрылыс компаниясы Гүлпаранға пәтер сыйлады.

Гүлпаран Байбосынова, қала тұрғыны:

- Өмірдің ащы-тұщысын бірдей көрдік. Бірақ бәрін жеңіп шығып, бәріне төздік. Пәтерде жылаған да, таяқ жеген де күндер болды. Енді не істейміз? Басымызға түсті, бәрін көтеріп жеңген анамын.

Жақында өткен Ашық есік күні акциясы кезінде 5 мың ақтөбеліктің арыз-шағымы тыңдалды. Көбі уақыт оздырмай шешімін тауып жатыр.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі /2015-2019/:

- Әрбір тұрғынға жеке әлеуметтік карта жасауымыз керек. Сол арқылы білуіміз керек. Кімге ең бірінше кезекте көмек көрсету керек, қандай көмек көрсету керек? Оның қандай мұқтажы бар? Отбасында қанша адам тұрады? Қанша баласы бар? Жолдасы жұмыс істей ме, істемей ме? Оның табысы қандай? Ең негізгі жұмыс – осы халықтың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту.

Облыста көпбалалы аналарға берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 2 есеге өседі. Сонымен қатар тұрмысы төмен жанұяның балаларына балабақша ақысы үшін жеңілдік жасалды. Ең бастысы, мұқтаж отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері жұмысқа орналастырылады. Облыс бойынша 3000 адам қайта даярлаудан өтеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы