411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарыағаштағы шипажайларға жылына 90 мың адам келеді

  • 2234
  • UPD: 23:22, 25.02.2019

Түркістан өңірі минералды суымен, Орталық Азия бойынша аты шыққан шипажайларымен танымал, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сарыағаш ауданындағы бір ғана Көктерек кентінің өзінде 40-қа жуық шипажай бар. Төртеуі былтыр қолданысқа берілген. Биыл тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр.  

Дертіне дауа іздегендер осы Түркістан өңіріне жыл он екі ай ағылып жатады. Есепке көз жүгіртсек, курортты аймаққа жылына 90 мың демалушы барады екен.

«Сарыағаш» емдеу-оңалту кешенінде ас қорыту органдарының қызметі, зат алмасуының бұзылуы, жүйке жүйесі, қол-аяқ, тері және әйелдердің түрлі ауруларына ем табуға болады. Негізгі емге пайдаланатын минералды судың температурасы +49-52С шамасында. Оның құрамы кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, гидрокарбонат, натрий, калий, кальций, магний сияқты микроэлементтерге бай. Шипажайға тек ел азаматтары ғана емес, сырт мемлекеттен келетіндер де жеткілікті.

Батырбек Сәрсенов, демалушы:

- Бір жұма болды келгеніме. Өт толған. Судың бәрі жақсы болып, емі шипа болды. Өзімді жақсы сезініп отырмын. Бұл жер бұлақтың басы. Сосын бұл жерде бұрынғы дәрігерлер бар.

Айтбай Тасилов, «Сарыағаш» емдеу-оңалту орталығы кешенінің дәрігері:

- Курорт емінің дәріден айырмашылығы, ол адамның бейімделу механизмдері арқылы әсер етеді. Адаптация дейміз ғой. Ем алғаннан кейін, адам мұнда ванна қабылдайды, су ішеді, басқа да емдерді алғаннан кейін тітіркенеді. Оның қан айналымы, лимфа айналымы, эндокрин жүйесі, жүйке жүйесінің қызметтері жақсарып, созылмалы ауруларға қарсы күрес ашып, сол созылмалы аурулардан арылуға қадам жасайды. Сондықтан 10 күнде аздық қылады. Кейбіреулер 5 күнге келеді. Егер 15 күн болса, емнің тиімділігі дұрыс болар еді.

Шипажайға жылына екі мәрте келетін Едіге Исатұлы минералды судың арқасында осы жасқа жеткенін айтады. Сексеннің сеңгіріне таяған қария әлі де ширақ. Ара-тұра спортпен де шұғылданады. Сарыағашқа ат басын бұрғанына да бірталай жыл болыпты.

Едіге Жүнісбеков, демалушы:

- Қасиетті Сарыағаш суы – Құдайдың берген бір ғажайып дүниесі. Мен осында 1978 жылдан бастап келемін. Сарыағаштың суы мына іш құрылысқа керемет енді. Көрінген жерде айтамын. Мұндай су жоқ жер жүзінде. Асқазанға, бауырға, бүйрекке жақсы ем. Осының арқасында тірі жүрмін деп айтуға болады.

Емдеу-оңалту кешені 674 орынға лайықталған 8 жатын ғимаратынан тұрады. Жаз мезгілінде демалушылар саны 800-ден асатын көрінеді. Дәл қазір мұнда 260 адам ем қабылдап, демалып жатыр. Шипажай негізінен еліміздегі кәсіподақтармен жұмысты жолға қойған. Мұнда Қазақстанның барлық аймағынан ем іздеп келушілер көп. Әсіресе еліміздің батыс, шығыс және орталық өңірлерінен келетін демалушылар саны жетерлік.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов 

Хабар 24 телеарнасы