388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Нұр Отан» партия өкілдері халықтың жағдайын жақсарту үшін қандай жобаларға иек артып отыр?

  • 1962
  • UPD: 12:57, 26.02.2019

«Нұр Отан» партиясының кезекті съезі қарсаңында делегаттар алдағы онжылдыққа арналған партияның міндеттерін талқылап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басты міндет – елдің тұрмысын түзеу. Бағдарлама аясында жүзеге асатын жобалардың барлығы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жиынға министрлік өкілдері, Мәжіліс депуттары мен «Нұр Отан» партиясының мүшелері қатысып жатыр.

Бас партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы аз уақытта әзірленді. Әзірге бекітіле қойған жоқ. Сондықтан жиынға қатысушылар маңызды құжатты толықтыру үшін өз ұсыныс-тілектерін айтуда. Аталған бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген. Ай басында партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қабылдаған Елбасы бұл құжат жұрттың жыртығын жамауы тиіс деген пәрмен берген еді.

Жиынға ұзын-ырғасы 200-ге жетеғабыл адам қатысып жатыр. Еліміздің бірнеше өңірінен шенділер де келген. Олар аймақтағы ахуалды жеткізу үшін арнайы ат басын тіреп отыр. Солардың бірі – Жақсыгүл Маханбетова.

Қазір ел бойынша бас партияның 247 филиалы бар екен. Ондағы мамандар тұрақты түрде қоғамдық қабылдау өткізіп, елдің мұңын мұңдауға, жоғын жоқтауға тырысып жатыр. Өткен жылдың өзінде базынасы бар бұқарадан 140 мыңнан аса өтініш қабылдаған екен.

Хабар 24 телеарнасы