384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда апаттардың алдын алуды қаржыландыру жөнінен форум өтіп жатыр

  • 633
  • UPD: 23:14, 26.02.2019

Соңғы 30 жылда Орталық Азияда 10 млн аса адам табиғат апатынан зардап шеккен. Аймақ экономикасына 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде шығын келді. Алматыда «Дүлей апаттардың алдын алу жобаларын қаржыландыру» деп аталатын аймақтық форум басталды. Жаңағы мәліметтер сол жиында айтылды.

Форумда Дүниежүзілік банк мамандары табиғи апат салдарын қалыпқа келтіретін жобаларға қажет қаржы тетіктерін табу және оларды жүйелі іске асыру жолдары туралы айтты.  Сонымен қатар Орталық Азия мен өзге де мемлекеттерден келген 80-ге жуық делегат төтенше жағдайларды болжайтын және бақылайтын жаңа жүйелермен танысты.

Ато Браун, Дүниежүзлік банктің қазақстандағы тұрақты өкілі:

- Егер сақтандыру жүйесі жұмыс істесе онда аймақатағы елдердің  табиғи  апатқа дайындығы мығым болады. Дүниежүзілік банк төтенше жағдай салдарын тез арада қалыпқа келтіретін механизмдерді жасады. Сол арқылы мемлекет бюджетіне салмақ салмай қаржы табуға болады. Қазіргі таңда бұл тәжірибеге  Кариб теңізіндегі мемлекеттер сүйеніп отыр. Ал, ол аймақта табиғи апаттар жиі болады.

Орталық Азия аймағындағы халықтың үштен бірі ауылшарушылығымен шұғылданады. Ол су тасқыны мен қуаңшылықтан зардап шегетін ең осал сала саналады. Мысалы, 2001 жылы құрғақшылықтан агросектордың шеккен зардабы 800 млн.долларды құрады. Бүгінгі таңда әр шаруа бір гектар жерге егін егуге 20 мың теңге жұмсайды. Ал оны сақтандыру құны небәрі  3 500 теңге. Бұл қаражат шаруаның шығынын ақтамайтыны түсінікті. Сондықтан, ауалшарашылық министрлігі агросекторды сақтандырудың жаңа жобасын әзірлеп, Үкімет қарауына ұсынбақ.

Азамат Хамиев, ҚР АШМ Инвестициялар департаменті директорының орынбасары: 

- Бұл ерікті сақтандыру жүйесі. Әр дәнді-дақыл немесе көкөністі жекелей бағалап, сақтандыру тарифі бекітіледі. Ал,егіс  алқаптары ғарыштан бақыланып, зерттеледі. Сондай-ақ  табиғи апатты алдын ала болжап, сақтандыруды жеделдетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе болмақ.

Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы сарапшылар кеңесі құрылды. Оның құрамында мемлекеттік мекеме, агробизнес, сақтандыру компаниялары мен қауымдастықтардың өкілдері болады. Сарапшылар пікірінше, форумда ұсынылған жобалар пен пікірлер Орталық Азия аймағындағы дүлей апаттардың алдын алуға бағытталған қаржылық қорғаныс қорын құруға негіз болады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы