424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық мамандар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына өзгерту енгізуді ұсынды

  • 1906
  • UPD: 08:21, 27.02.2019

Ауылдарда мұғалім, дәрігер, техникалық мамандар тапшы.

Қостанай облысында қазіргі кезде 350 медицина қызметкері жетіспейді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 4 мың 300 жас маман өңірдегі елді мекендерге барған. Оларға  жәрдемақы, баспана берілді. Алайда солардың бірқатары барған жерінде тұрақтамай, кері қайтқан.

Аты-жөнін жария етпеуді сұраған біздің кейіпкеріміз – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысушылардың бірі. Жоғары білімді жас мұғалімге мемлекет тарапынан тиесілі барлық көмек-қолдау көрсетілген. Алайда ауыл тірлігіне үйренісе алмай, қалаға қайтуға мәжбүр болғандығын айтады.

Кейіпкер:

- Алғашында бәрі жақсы болды. Бірақ кейіннен ауылда тұру маған қиын соға бастады. Себебі, қыз бала үшін от жағу, су тасу сынды шаруалардың бәрі өте ауыр болды. Сондықтан бұл жұмысқа шыдай алмадым. Сосын қалаға ауыстым.

Кейіпкеріміз бюджет есебінен бөлінген жәрдемақыны бірте-бірте қайтаруға әзір екендігін айтады. Арадағы келісімнің біржақты бұзылуы бұл бір емес. Мысалы, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында Қарасу ауданына барған 12 жас маман ұзақ тұрақтамай, кетіп қалған. Олардың басым бөлігі мұғалімдер. Ал Қостанайдың іргесіндегі Жамбыл елді мекені ауылшаруашылық мамандарына зәру.

Сабыржан Сыздықов, Жамбыл ауылдық округінің әкімі:

- Сол механизатор, тракторшы, электрик секілді мамандар жетіспейді. Шаруа қожалықтарының өздерінің үйлері бар. Еңбекақы жоғары, орташа 100 мың, қалада ондай жалақы төлемейтін де шығар. Бірақ қызықпайды.

Ал медицина саласында «кадрлардың қартайуы» байқалып отыр. Облыстағы дәрігерлердің 33 проценті зейнет жасына жеткендер не оған тақағандар. Әсіресе ауылдық амбулаториялар жас мамандарға мұқтаж.

Нина Шлопоченко, Жамбыл ауылдық амбулаториясының фельдшері:

- Былтыр екі жас маманды  жіберген. Оның біреуі бір күн жұмыста болды, келесі күні таппай қалдық. Екіншісі де ұзаққа тұрақтамады. Айтатын дәлел-уәждер, ауылда кәсіби тұрғыда даму мүмкіндігі жоқ.

«Жас мамандарды елді мекендерге тарту үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет. Баспана алуға берілетін несиені 4 миллион теңгеге көбейту керек. Және бағдарламаға ауылға қажетті басқа мамандықтарды енгізген жөн». Қостанай облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма жақында осындай ұсыныспен шықты.

Марат Жұрқабаев, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

- Бір уақытта ветеринарлар керек болып, биыл бір жылдың ішінде бірнеше ветеринар келді, сұраныс болды. Енді басқа мамандар бойынша сұраныс бар. Бірақ ол бағдарлама да жоқ. Қалай табады? Сондықтан сол өзгерістер болу қажет.

Елбасы биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының тізімін кеңейтіп, жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке көтеруді тапсырды. Ал Қостанай облысы педагогикалық және медициналық мамандықтарға 200 білім грантын бөлгендігін айта кеткен жөн. Міне, осындай ынталандыру шаралары ауылда тұрақтап қалатын жастардың қарасын көбейтер деген үміт бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы