375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында «Әлеуметтік құжат» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр

  • 220
  • UPD: 15:41, 28.02.2019

Ол жағдайы төмен отбасыларды анықтауға бағытталған. Мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек оларға түрлі мекемелер мен бизнес құрылымдары материалдық көмек көрсетеді. Аталған санатты жанұялар  дәрежелеріне қарай бағдаршамның үш түсіне бөлінген. Көмек те соған сәйкес көрсетіледі. Бағдарлама әзірленген қысқа мерзімде көп балалы 3 мыңдай отбасы анықталған. Олардың 700-не тиісті әлеуметтік көмек көрсетілді.

«Әлеуметтік құжат» бағдарламасының мәліметтер базасына енген Кабеновтар отбасында 10 бала тәрбиеленіп жатыр. Үлкені 19-да, ең кішісі 3-ке енді ғана толған. Кешегі күннің басты жаңалығы Асыл Қабенованы бей-жай қалдырмады. Алтын құрсақты ана балаларының жағдайы жақсаратынына қуанышты.

Асыл Қабенова, «Алтын алқа» иегері:

- Естіп қуанып жатырмыз. Бізге 14 мың төлеп отырған жәрдемақы енді 21 мың төленеді деп соған қуаныштымын. Тағы бір қуанышты жаңалықты енді естіп жатқан көп балалы отбасындағыларға 2 пайыз жеңілдікпен баспана беруі көп балалы отбастары үшін өте қуанышты.

Жұпыны үйде қарапайым тірлікпен күй кешіп жатқан бұл отбасында алты ұл, төрт қыз бала бар. Бір қызығы, ата -аналары кезінде спортпен айналысқан екен. Сол қасиет балаларына дарыпты. Он сегіз кубок, жүзден астам медаль. Бұл  ересек  ұлдарының 2011 жылдан бергі бағындырған белестері. 

Аслан Қабенов, 6-сынып оқушысы:

- Мен өзім самбоға 3 жыл қатысам. Үлкен ағаларым бар. Дзюдошы, боксшы мен өзім самбистпін. Мынау ағаларымның медальдары ,үстінде кубоктары.

Балалардың әкесі жүк тасымалымен айналысады. Анасы жұмыс істемейді. Алайда көп балалы отбасын Павлодар облысының экономикалық соты қамқорлыққа алған. Олар бұл жолы да алдағы мерекелермен құттықтай келіпті.

Улана Рахымғожина, Павлодар облысы экономикалық сотының судьясы:

- Балаларының бәрі спортшылар. Досжан, Дастан, Диас деген 3 баламыз бар. Ең үлкені 19-ға толды. Өздеріңіз көріп отырғандай медальдары ілініп тұр. Россия, Германияға барып қанша спорттық жетістіктерге жетіп жүр.

Осындай жанұяларды анықтауға әлеуметтік құжаттың пайдасы тиіп жатыр. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 700-ге жеткен.

Гүлнәр Қамалова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз қазір көмекті бағдаршам қағидасы бойынша жасыл, сары және қызыл аумаққа бөлеміз. Жасыл түс ол барлық жағынан қолдауға ие болғандар. Бұл топқа 300 отбасы кіріп отыр. Көмекке мұқтаж  200 отбасын анықтадық.

Облыс бойынша 756 көп балалы отбасына  86 миллион теңгенің көмегі көрсетіліпті. Ал, он бала тәрбиелеп отырған Қабеновтар үшін баспана мәселесі өзекті. Пәтер кезегін күткелі бері 12 жыл болыпты. Елбасы тапсырмасынан кейін бұл мәселенің де оң шешімін табатынына сенімдері мол.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы