378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында қарақұйрық пен құлан санағы басталды

  • 260
  • UPD: 23:09, 28.02.2019

Алматы облысындағы «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағында қарақұйрық пен құландарды санау жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бір қуантарлығы, соңғы жылдары елімізде Қызыл кітапқа енген жан-жануарлардың саны артып келеді. Оған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен саябақтардың, қорықтардың көбеюі және бұл бағыттағы жұмыстардың дұрыс жолға қойылуы оң әсер етіп отыр.

«Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағындағы Қызыл кітапқа енген жан-жануарларды санау жұмыстары қыстың соңғы күндерінде жүргізіледі. Өткен жылғы санақтың қорытындысы бойынша мұндағы қарақұйрықтың саны 5 мыңнан асса, құлан 4 мың басқа жетіп қалған.

Нұрқуат Қонысбаев, облыстық жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде былтыр 5215 қарақұйрық саналып, 3500-ден астам құлан саналса, биыл осы межеден кем түспейді деген ойымыз бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық бағдарламасы бар. Сол жерде нысаналы индикаторларда көрсетілген құлан мен қарақұйрықтың өсімін 0,9 пайыздан түсірмеуіміз керек.

Қызыл кітапқа енген жан-жануарлар санының артуы, әрине, қуанышты жағдай. Бірақ қарақұйырық пен құлан көбейген сайын саябақ аумағында олардың қорегі азая бастаған. Бұл мәселені шешу үшін ғалымдар ұсыныс жасап отыр.  

Ерлан Ташибаев, ҚР БЖҒМ Зоология институтының ғылыми қызметкері:

- Біз санақтың дұрыс жүргізілуін қадағалаймыз. «Алтынемелдегі» жабайы аңдар мен жан-жануарлар жылдан-жылға көбеюде. Олардың саны өскен сайын қорек азая түсетіні түсінікті. Сондықтан мұндағы құландарды еліміздегі басқа саябақтарға апарып, көбейту керек.

Халық Байәділов, «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағының бас директоры:

- Жамбыл облысына біз ертеректе 100 бастай жібердік. Соңғы жылдары, былтыр Қостанай облысына жібердік. Жаңадан ашылған «Іле-Балқаш» резерватына мың бастай апаруға бізде жағдай бар. Шығыс Қазақстан облысында ұлттық парк ашылды. Ол жаққа да жіберетін біздің жағдайымыз бар.

Жалпы, Алматы облысында 5 ерекше қорғалатын табиғи аумақ пен 2 мемлекеттік қорық, 7 қорықша бар. Ондағы биологиялық әралуандықты қорғап, дамыту мақсатында ұлттық саябақтардың аумағын ұлғайту қажеттілігі туындап отыр. Мәселен, дамыған елдердің жалпы жер көлемінің 30 пайызы осындай мемлекеттік қорықтардың иелігінде. «Алтынемелдегі» қарақұйрық пен құлан санағы аяқталысымен, бұл жұмыстар Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов, Жамбыл аудандарында жалғасады. Ал мамыр айында арқар санағы басталады. Ол негізінен Алакөл, Райымбек, Кеген аудандарының аумағында жүргізіледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы