375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алдағы үш жылда ауылдың дамуына ерекше көңіл бөлінбек

  • 559
  • UPD: 23:07, 28.02.2019

Осы мақсатта Елбасы Nur Otan партиясының 18-съезінде Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» атты жоба жасауды жүктеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

2019-2021 жылдарға арналған жобаны жүзеге асыру үшін 90 миллиард теңге бөлінеді. Жаңадан тұрғын үйлер салынып, жолдар жөнделеді, сапалы ауызсу тартылады.

Ең бастысы, әлеуметтік мәселелер шешімін тапса, ауылға жастар тұрақтайды. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында да атқарылып жатқан шаруа аз емес.

Абайлық кәсіпкер Қуат Өзбеханов Медеу ауылында сүт өндіру фермасын іске қосты. Ол үшін заманауи қора салынып, мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Ресейден 53 бас «Симменталь» тұқымды сиыр сатып әкелінді. Бірнеше жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылып отыр.

Ләззат Жүкіжан, сауыншы:

- Таңертең 8-де басталады, содан сағат 9-ға дейін бір сағатта сиырды сауып бітеді. Одан кейін бөледі де далаға шығарып, бұзаудан айырып тастаған ғой, жеп шөбін беріп кешке дейін тамақтанады. Одан сағат 3,5 жарым 4-ке ауысамыз, кешке сауады. Сонда 2 мезгіл сауылады.

Қарапайым еңбек адамдары үшін жұмыс орындарының ашылуы болашаққа сенімді күшейтеді. «Ал Nur Otan партиясының 18-съезінде Елбасының ауылды дамыту жөнінде айтқан жаңалықтары көңілімізден шықты», – дейді шаруашылық жетекшілері.

Бекзат Нұртазанов, шаруа қожалығы жетекшісінің орынбасары:

- Бұл жаңалықтарды естідік, бұл жаңалықтар жақсы жаңалықтар. Ауылдық жерлерге жастар келіп жұмыс істегені жақсы болады. Жол салып, су тартып, жарық тартса, ауылдағы әлеуметтік мәселелер шешілсе, ауылдан жастар қалаға кетпей, ауылда тұрып, ауылда жұмыс істейтін болады. Ауылдың болашағы зор екенін көріп, сенетін болады.

Өңірде бұрын болмаған нысанның іске қосылуы аудан экономикасына да тың серпін берді. Қазір 11 мектептің оқушылары мен 5 балабақша балдырғандары табиғи таза сүтті тегін ішіп отыр. Ол үшін бюджеттен 7 миллионға жуық қаражат бөлінген.

Марат Еділбаев, Абай ауданы әкімінің орынбасары:

- Болашақта кіші сүт фермасын дамытып, тек қана мектептер, балабақшалар ғана емес, аурухана, интернат, басқа да мекемелерге сүтті беруді және аудан орталығынан бір дүкен ашуды, сол дүкенде осы сүт, қаймақ, май, басқа да сүт өнімдерін сатуды жоспарлап отырмыз.

Ауданда биыл мың бас ірі қараға арналған екі бордақы кешенін іске қосу жоспарланған. Мұнан өзге Кеңгірбай би ауылында Мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Ауылдарға баратын жолдарды жөндеу де назардан тыс қалмақ емес.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы