378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда жерасты сулары тағы көтерілуі мүмкін

  • 255
  • UPD: 01:51, 01.03.2019

Павлодар қаласында жерасты сулары көтерілуі ықтимал шағын аудандарда сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жауапты мекеме өкілдері қазірден күштік құрылымдарды біріктіріп, техникаларын әзірлеп қойған. Соңғы жылдары Екінші Павлодар және Зеленстрой шағын аудандарында жерасты сулары көтеріле беретін болып барады. Сондықтан қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс онымен шектелмейді.

Өткен жылдың мамырында шағын аудан тұрғындары осылай етікпен су кешті. Жерасты сулары салдарынан 200-ден астам баспананың іргесі бүлінді. Биыл сақтық шаралары ерте басталды.

Судың зардабын көргендердің қатарында 78 жастағы Сапар Қабанбаев ақсақал бар. Қария ел қатарлы қолына күрек алып, қарды тезірек шығаруға асық.

Сапар Қабанбаев, Екінші Павлодар шағын ауданының тұрғыны:

- Су кіретін. Жерқойма іші суға толып кететін. Ішінде картоп, өзге де азық-түлік бар, соларды шығарған күндеріміз болды.

Былтырғы көктем жергілікті билік үшін сабақ болды. Шағын ауданды апаттан құтқару мақсатында нөсерлі кәріз және дренаж жүйесінің жобалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Екінші Павлодар шағын ауданында жерасты сулары бірнеше жыл қатарынан көтеріліп, тұрғындарды әбігерге салуда. Осы көктемде жағдай ушығып кетпес үшін алып қазаншұңқыр салынды. Бұл нысан 5,5 мың текше метр суды қабылдауға әзір. Алдағы уақытта сорғы құралы орнатылмақ.

Жекеменшік секторда суы басуы мүмкін 14 көше белгіленген. 500-ден астам үй тұрғыны зардап шегуі ықтимал. Өткен жылдағы жағдай қайталанбас үшін кешенді жоспар жасалып, су сору құрылғылары әзірленді. Гидрогелогтардың айтуынша, ұңғымалардың санын 18-ге жеткізу керек.

Николай Казанин, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қар ери басталысымен тік дренаж жүйесінің сегіз ұңғымасы іске қосылады. Сонымен қатар су сору жұмыстары күшейтіледі. Бүгінгі күні су көтерілуі ықтимал аумақтар анықталды. Бұл аулаларға жиналған су орталық коллекторға құйылады.

Бұл іске коммуналдық сала өкілдерімен қатар төтенше жағдайлар қызметінің мекемелері тартылған. Мамандар ойпаң жерде орналасқан, яғни су жиналуы ықтимал 50-ге жуық учаскені анықтаған. Бұл жерлерде бақылау күшейтілді.

Ринат Валишанов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Шағын аудандарда 20 гидробекет жұмыс істеп жатыр. Мамандар топырақ суының деңгейін тәуілігіне үш рет өлшейді. Судың көтерілуі анықталған жоқ. Бүгінде қосымша 20-дан астам арнайы техника құралын дайындап қойдық.

Ал көршілес Шығыс Қазақстан облысында жағдай күрделірек. Бүгінде аймақта сынап бағанасы +4 градусқа көтерілген. Қыста қар қалың болды. Апат айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан жергілікті билік өкілдері сақтық шараларын күшейтіп жатыр. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы