378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мен қазақ жерінде өзімді бақытты сезінемін - поляк ұлтының өкілі

  • 242
  • UPD: 09:58, 01.03.2019

«Бүтінді бөліп, жартыны жарып берген қазақ халқына мың алғыс». Өткен ғасырдың орта тұсында қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі ұрпақтары осылай деп ризашылықтарын білдіреді.

Кезінде солақай саясаттың тәлкегіне түскендерді пейілі кең, ниеті түзу қонақжай қазақ құшақ жая қарсы алды. Қазақ елін саялағандардың бүгінгі ұрпақтарымен «Хабар 24» тілшісі Қарлығаш Қайыпбекова да тілдесіп қайтты.

Софья Прусованың ұлты поляк. Ата-анасы қазақ жеріне 1936 жылдары Украинадан жер аударылған. «Екеуі де қара жұмыс істейтін. Олардың кімге зиян келтіріп депортацияға ұшырағанын білмеймін. Әбден тағдыр тауқыметін көрді. Бірақ қазақ халқы ешкімді аш-жалаңаш қалдырмады. Қолындағы барымен бөлісті. Әкем соның арқасында аман қалдық деп еске алып отыратын», - дейді Софья Пруссова. Өзі 40 жылға тарта дәрігер болған. Зейнетке шықса да, қазір қаланың қоғамдық жұмыстарының ортасында жүреді. 1 наурыз - қазақ халқына алғыс жауатын күні үнсіз қалу мүмкін емес деп санайды.

Софья Прусова, қала тұрғыны:

- Мен айтудан жалыққан емеспін. Иә, біз қазақтар болмаса, осы күнге жетер ме едік, әлде жетпес пе едік деп ойлаймын. Сондықтан мейірбан, дархан қазақ халқына алғысым шексіз. Алғыс айту күнінің болғанының өзі қандай керемет.  Бұл татулығымызды, бірлігімізді арттыра түспек. Польшада бірнеше рет болдым. Бірақ мен ол жақта тек қонақ екенімді сезіндім. Елге қайтқанша асығамын.Бұл менің туған жерім, Отаным. Өзге жерге кету тіптен ойымда жоқ.

Бүгінгі күні Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстар барлық саланы қамтиды. Астана және Алматыда поляк зиялысы Адольф Янушкевич атындағы көше бар. Поляктар да алғыс ретінде Варшавадағы  көшелердің бірін «Қазақ көшесі» деп атаған. Сондай-ақ Адам Мицкевич университетінде қазақ тілі оқытылады.

Софья Прусова, қала тұрғыны:

- Міне, осының бәрі екі елдің достығын көрсетіп тұр. Мені ешқашан ұлтқа, дінге бөлген емес. Мен қазақ жерінде өзімді бақытты сезінемін. XX  ғасырдың 30-40 жылдары болған зобалаң қайталанбаса екен деймін.

Қазақстанға күштеп көшірілгендердің қатарында корейлер де бар. Евгений Кугайдың арғы тегі  Қиыр Шығыстан депортацияланған.

Ол кезде жергілікті тұрғындардың да жағдайы мәз емес еді. Ашаршылық, колхоздастыру осының барлығы елді есеңгіретіп тастаған болатын. Десе де, қазақтар шеттен келгендердің ешқайсысын өзектен тепкен жоқ. Шиеттей бала-шағаларына пана болды. Бір уыс бидайды бөліп жеді. Мен осының барлығын мен жақсы білемін.

«Тарихқа кейінгі ұрпақ та құрметпен қараса деймін», - дейді Евгений Кугай.

Евгений Кугай, қала тұрғыны:

- Мен Кореяда тұра алмаймын. Туған туыстарымның, достарымның барлығы осында. Елімнің толыққанды азаматымын. Спортпен шұғылданғанды жаным сүйеді. Сондықтан жүрген жерімде айналамдағыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып жүремін. Осы сүйікті ісімді жеке кәсіпке айналдырып алдым.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында қазақ даласына поляктар мен корейлерден бөлек шешен, ингуш, түрік, болгарлар мен неміс сияқты өзге де ұлттардың өкілдері жер аударылды. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанға тұрақтап біте қайнасып кетті.

Хабар 24 телеарнасы