378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанадағы балабақшалардың бірі киіз терапиясы әдістемесін қолға алды

  • 288
  • UPD: 11:27, 01.03.2019

Киіз терапиясы. Астанадағы балабақшалардың бірі дәл осындай әдістемені қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның аясында  қолданыстан шетелдік материалдарды алып тастап, орнын өзіміздің киізбен алмастырмақ. «Бастама баланың дұрыс дамып жетілуіне және ұлттық құндылықтарды танып өсуіне көмектеседі», - дейді мамандар. Бірегей жобамен алғаш болып «Хабар 24» арнасының тілшісі Аслан Қаженов танысып қайтты.

Аслан Қаженов, тілші:

-Киіз деген дүние өткен ғасырдың тұңғиығында не шалғай ауылдағы түкпірлерде қалды дегендер қатты қателеседі. Астанадағы №75 балабақшаның мамандары оны қайта жаңғыртудың жолын тапты. Енді мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде де ұлттық материалымызды кеңінен қолдануға болады. Оған біз осы түсірілім барысында көз жеткіздік. Бүлдіршіндер таласа-тармаса киіз төсеніштерге жапсырмалар жапсырып жатты, жіп өткізіп сурет салды, ал, бауларымен шаш пен қамшы өру технологиясын игерді.

Айман Нұрсейітқызы, №75 балабақшаның меңгерушісі:

- Ойнап отырып істеген әрекет тезірек қабылданады балалармен. Мысалы ертегілерді, бесік жырын барлығын осы бұйымдарды қолдана отырып, балаларға үйреткенде олар керемет нәрселер жасайды. Көрдіңіздер, жаңа өру технологиясы қыздар қызыға, осы кілемшелерге қызыға отырып өреді.

Киіз терапиясы ә дегеннен пайда бола қойған жоқ. Балабақша мамандары бірнеше ай бойы оны қалыптастырып, жетілдіріп, күнделікті қолданысқа икемдеген. Оның ішінде киіз материалы кейбір балаларға аллергия шақыруы мүмкін. Қауіпсіздікке қатысты басқа да ерекше ескерер жайттар бар. Осының барлығын жан-жақты сараптамадан өткізген соң ғана жаппай қолданысқа әкеліп отыр.

Айта кеткен жөн, бұндағы барлық жабдықты балабақша тәрбиешілері қолдан жасады. Осы арқылы балалардың моторикасын, ептілігін, дәлдігін, жылдамдығын және ой жүйріктігін дамытуға болады. Бұған қоса, әрине, бүлдіршін бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге үлес қосады.

Жансая Жалдыбайқызы, №75 балабақшаның әдіскері:

- Біздің ата-бабамыздан келе жатқан ескіні жаңғырту, яғни, киіз терапиясы, өру технологиясы, тоқу технологиясы. Балалардың қолынан келетін нәрселерді көрсетіп жатырмыз. Яғни, тәрбиешілермен тәжірибе алмасу болып жатыр. Біздің бүгінгі семинар-практикумға келген мамандарға өте ұнап жатыр.

Иә, жобаны таныстыру барысында киізден жасалған төсенішке жеті қазына, жеті ата не жеті керемет сияқты құндылықтары іліп, оны ойын үлгісінде балаларға таныстыруға болатыны айтылды. Бұған қоса, балабақша мамандары асық арқылы да бала зердесін дамыту әдістерін көрсетті. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі мекемелерде осындай шаралар қолға алынып жатқаны қуантады. Енді оны еліміздегі басқа балабақшалар да ары қарай іліп әкетіп, жаппай қолданысқа енгізгені маңызды.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы