378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысындағы шалғай ауылда 11 ұлттың өкілі бірге тұрып келеді

  • 281
  • UPD: 13:58, 01.03.2019

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында III Интернационал атты ауыл бар.

Елді мекеннің атауы айтып тұрғындай, мұнда 11 түрлі ұлттың өкілі тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ата-бабалары сонау 30-жылдарғы тоталитарлық жүйенің шырмауына ілігіп, жер аударылғандар. «Алғыс айту» күніне орай бүгін осы көпұлтты ауылда «Бірлігі берік Мәңгілік ел!» атты мерекелік шара басталды.

Алғыс айту күнін ауылда ұйымшылдықпен, бар сән-салтанатымен атап өту үрдіске айналған. Бұлай болатын да жөні бар. Себебі бұл елді мекенде ежелден ауызбіршілігі мығым қазақ, ахаскалық түрік, корей, орыс, украин, мордвин, татар, әзірбайжан секілді 11 ұлттың өкілі бірге тұрып келеді.

Кітап көрмесімен басталып, мәдениет үйіндегі мерекелік концертке ұштасқан тағылымды шарада қазақтың ән-жыры, түрлі ұлттың салт-дәстүрі мен өнері паш етілді. Бақытын қазақ жерінен тапқан тағдыры талайлы жұрттың бүгінгі ұрпағы «халықтар достығы жай ұран үшін айтылған сөз емес, өміріміздің мәні», - дейді. Ал жүк вагондарына тиеліп, жат жерге айдаумен келген жылдары ата-бабамыздың аман қалуына қазақ халқының қамқорлығы себеп болды. «Сондықтан құшағы кең, достыққа берік, мейірімді қазақ еліне басымызды иіп, ризашылығымызды білдіреміз», - дейді ауыл тұрғыны Гульали Мутиев.

Айта кетейік, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя да осы ауылда туған. Жалпы елді мекендегі негізгі ұлттар түріктер, қазақтар және корейлер. Ертеден қоян-қолтық араласып кеткен ауылда 50-ден астам аралас отбасылар да бар екен.Осындай бірлігі жарасқан ауылда барлық ұлт өкілдерінің тілі мен салт-дәстүрі де назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Хабар 24 телеарнасы