378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зұлмат кезде жер аударылған шешен ұлтының өкілі ұрпағына татулықты өсиет қылған

  • 263
  • UPD: 18:29, 01.03.2019

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тоталитарлық жүйенің әмірімен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ бен Қырым жағалауын мекендеуші біраз халық қудаланып, алыс жерлерге күшпен жер аударылды. 1944 жылғы ақпанның аяғына таяу Қазақстанға жүздеген мың шешен-ингуш отбасы мәжбүрлеп көшірілді. Сол кезде 5 жасқа қадам басқан Орбани Магомадов бүгінде Алматы облысының Ескелді ауданындағы Қарабұлақ кентінде тұрады.

«Кішкентай болсам да 1944-тің аязды ақпаны әлі есімде» дейді Орбани ақсақал. Әр вагонға 10 отбасы жайғасқан. Күн суық, жол ұзақ. Қиындыққа шыдамай талай адамның өмірі жол үстінде қиылыпты.

Орбани Магомадов, Қарабұлақ кентінің тұрғыны, зейнеткер:

- Қайтыс болған кісілерді даже вагонға ұстатқызбайды. Ана жерге төмен тоқтаған жерде апарып қойып, үстіне қармен жауып тастап сондай тастаған, кеткен жағдайлар болды.

Бұлар алдымен Жетісудағы Лепсі станциясына тоқтаған. Сосын жаяу-жалпылап Алакөл ауданына қарай аяңдаған. Бейтаныс жердегі беймәлім халық – қазақ жұрты жатырқамай қарсы алып, баспаналарының бір бұрышына жайғастырған. 

Орбани Магомадов, Қарабұлақ кентінің тұрғыны, зейнеткер:

- Отын жоқ, қазіргі сияқты көмір жоқ, ағаш жоқ. Қамыс жағамыз. Ірімшік жасайды, құрт жасайды, ана қазақтың әйелдері, кемпірлер. Солардан береді бізге. Содан кейін айран болады. Сөйтіп-сөйтіп күн көрдік.

Содан бері 75 жыл өтті. Ел қатарлы еңбек етті, мал бақты, трактор айдады, жер де жыртты. Отбасын құрып, бала-шағалы болды. Бүгінде 4 қызынан 11 немере сүйіп отыр. Қазақшаның майын тамызады. 

Орбани Магомадов, Қарабұлақ кентінің тұрғыны, зейнеткер:

- Кейінде анау шалдар айтқан бір әңгіме есімде бір сөз. «Әй, адам жейтұғын бір халық келе жатыр, көшіріп алып келе жатыр бізге деп» сөйтіп айтушы еді бізге. Сендер адам жемейді екенсіңдер ғой деп ха-ха-ха... 

Сөйтіп, қалжыңдаған қазақтармен қоян-қолтық араласып, тату–тәтті өмір сүріп келеді.

Орбани Магомадов, Қарабұлақ кентінің тұрғыны, зейнеткер:

- Қазақ деген жуас, момын халық болған. Солардың арқасында біз аман қалдық. Рахмет айтамыз соларға. 

Орбани қарияның көргені де көп, көңілге түйгені де көп. Ұрпақтарына солардан үзік-үзік сыр шертеді.

Асият Магомадова, қызы:

- Біз мұнда қалай келдік, қалай жүрміз, осыны ұмытпаңдар дейді әкеміз. Бейбіт өмірді, достықты, татулықты бағалай біліңдер деп үнемі айтып отырады. 

Ақсақал мамыр айында 80 жасқа толады. «Тойға туыстарымды, бала күннен бірге өскен қазақ достарымды шақырамын. Өткен жылдарды еске аламыз, рахметтің үлкені сонда айтылады» дейді ол.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы