378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында жылына 1 миллион тоннадан астам ұн шығарылады

  • 251
  • UPD: 20:08, 01.03.2019

Өнім ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп қоймай, шетелге де саудаланады. Түркиялық инвесторлардың қатысуымен ашылған диірмен кешені өнімнің 95 процентін экспортқа жіберуде.

Бүгінде 23 мың тонна ұн сыртқы нарыққа тасымалданған. Өндіріс ошағы тәулігіне 700 тонна ұн тартуға қауқарлы. Негізінен экспортқа бағдарланған. Өнімдері Орталық Азия мемлекеттеріне саудаланады. Ал жақында Қытайға 25 контейнер, яғни 1000 тонна ұн тасымалданды. 

Орталық Азияда баламасы жоқ диірмен кешенінде ұнның бес түрі шығарылады. Өндіріс толық цифрландырылған. Элеваторға астықтың түсіуінен бастап дайын өнімді буып-түюге дейін бірыңғай компьютерлік есепте тұр. Ал орнатылған ақылды технологиялармен кәсіпорынды қашықтықтан басқаруға болады.

Олег Куртвапов, диірмен кешенінің коммерциялық директоры:

- Біздің желі автоматтандырылған. Дүниежүзінің кез келген нүктесінен басқара аламыз. Адамның ұн тарту өндірісіне араласуы барынша қысқартылған.

Нысан 5 млрд теңгеге тақыр жерде бой көтерді. Қаражаттың 1 миллиарды шетелдік инвестор есебінен бөлінді. Қондырғылардың барлығы Түркиядан алынған. Жоғары технологиялы жабдықтар бидайды жуып, тазалап, үгеді.

 Өнім сапасын жоғалтпай, оны арттыруда Түркиядан арнайы мамандар шақыртылған. Олар жергілікті диірменшілерге жаңа технологияның қыр-сырын үйретеді.

Нихат Жан, инвестор:

- Қазақстанда диірмен қойған уақытта орынды Үкімет берді. Салықтың жартысын төлейміз. Банктен алған несие процентінің жартысын мемлекет өтейді. Экспорт жасағанда индекстерімізді аламыз.  

Өнім неғұрлым сапалы болса, соғұрлым өтімділігі де жоғары болатыны белгілі. Бидайдың сапасы кешендегі зертханада бақыланады. Озық үлгідегі лабораторияда шикізатқа мұқият  сараптама жасалады.

Алмагүл Күнтуарова, зертхана меңгерушісі:

– Біз мұнда зертханада бәрін қадағалаймыз, тексереміз. Ұнның қамырлы, иілмелі болуы бізге маңызды. Себебі бұл сапаның негізі боп саналады.

Кәсіпорынның ашылуы өңірдегі ұн өндірісін 16%-ке, ал экспорттық әлеуетті 20%-ке арттыруға мүмкіндік берді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы