389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мөлшері ұлғайтылған жәрдемақылар нақты қай кезден бастап беріледі?

  • 1440
  • UPD: 21:28, 01.03.2019

Nur Otan партиясының XVIII съезінде әлеуметтік салаға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетіні айтылды. Ел тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін аталмыш салаға мұнша қаражат бұрын-соңды бөлінбеген екен. Ұлғайтылған жәрдемақыларды жұртшылық нақты қашаннан бастап және қандай жағдайда ала алады? 

Көп балалы аналардың жағдайы, әлеуметтік тұрмыс Нұржан Әлтаевқа етене таныс. Күні кеше ғана еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі болған, қазіргі мәжіліс депутатының айтуынша тұрмысы жұтаң жанұялардың әл-ауқаты биылдан бастап көтерілмек.

Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2 триллион теңгеден астам қаражат әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады.  Ол енді ешқашан мұндай қомақты қаражат бөлінбеген еді. Менің ойымша, бұл өте бір жақсы әсерін береді. Халықтың тұрмысына. 

«Бүгінгі таңда елде 340 мың отбасында 4 және одан көп бала бар. Оларды қолдау мақсатында жыл сайын 500 млрд теңге бөлінеді» деді Президент. Көп балалы отбасылардың кіріс деңгейі де әртүрлі. Сондықтан бірінші кезекте аз қамтылған жанұялардың көнкөріс шегі 70 пайызға дейін көтеріледі. Бұлар кімдер? Яғни ұлғайтылған әлеуметтік көмекті нақты қандай отбасылар алмақ?

Нұржан Әлтаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бір отбасы мәселен ол жерде 7 адам тұрып жатыр. Сол отбасының бір адамы жұмыс істейді қалғаны жұмыс істемейді. Ол мәселен 100-120 мың табатын болса, онда ол сол табысы төмен отбасы болып табылады. Ол сондай көмекті алады. Өйткені қалғандары жұмыс істемейді. Жаңағы 120 мыңды 7 адамға бөлетін болсақ онда ол отбасының мүшелерінің табысы аз болып саналады.

Индира Қазнанова. 7 баласы бар. Ересегі 16-да, кішісі 4 жаста. Үлкені колледжде, бесеуі мектепте оқиды. Кенжесі балабақшаға барады. Алтын алқаның иегері 7 бірдей баласымен пәтер жалдап тұрып жатыр. Енді әр баласына Президент айтқандай ұлғайтылған көлемдегі төлемді алмақ. Әрбіріне 20 789 теңгеден беріледі. Бұған ұл-қыздары қуанышты алдымен.  

Индира Қазнанова, алтын алқа иегері:

- Қосымша сабақтары бар. Бәріне, соның бәріне көмек болады. Жүріс-тұрысы бар. Барлық нәрсеге қатысқысы келеді ғой. Мен бәрін бірдей қатыстыра алмаймын ғой. Дұрыс па? Оның бәріна ақшам жетпейді. Біреуін қатыстырсам, екіншісі қалып кетеді. Ренжиді. Құдай қаласса енді бәрін бірдей беретін боламыз. Қосымша сабақтары бар, домбырасы бар. Пианино дейді, биге барам дейді біреуі. 6 қыз ғой менде. 6  қыз, 1 ұл. Осы жәрдемақыны көтерсе бәрімізге қолдау болады ғой.

Көпбалалы отбасылар өз алдына. Президент мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл шара 100 мыңнан астам адамды қамтымақ. Бұл бағытта 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Асқар Ниязов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

- Мүгедек балаға қараушы және де оған қоса осы 18 жастан асқан бала кезінен 1-топ мүгедек болып табылатын мүгедекке қараушыға тағайындалатын жәрдемақы бар. Оның көлемі бүгінгі таңда 31  мың 183 теңгені құрайды. Елбасының тапсырмасына сәйкес оның көлемін ұлғайтып, 41 мың 600 теңгенің көлемінде тағайындайтын боламыз.

Жақсы ғой. Енді халық аталған көмекті яғни ұлғайтылған көлемдегі төлемдерді қашаннан бастап ала алады. Қазір еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжат алдағы шілдеге дейін қабылданбақ. Яғни Президент тапсырмасына сәйкес жаңартылған әлеуметтік төлемдер жаздан бастап берілмек.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ербол Дайыров, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы