389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бауырларын өрттен аман алып қалған оқушы қыз марапатқа ие болды

  • 939
  • UPD: 21:59, 01.03.2019

Ақмолалық 10 жасар Ұлдана Совет Астана қаласында өткен «Қайырымдылық керуені» атты байқауда «Батыл жүрек» номинациясына лайық деп танылды. Себебі ол осыдан бір жарым жыл бұрын өртеніп жатқан үйден өзінің бауырларын құтқарып қалған болатын. Бүгінде батыр қыз Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр ауылында тұрады.

Бұл оқыс оқиға 2017 жылдың қараша айында болған еді. Ұлдананың отбасы жалдап отырған уақытша үй-жәйдің пешінен ақау шығып, баспананы түнде жалын шарпыған. Ал анасы 6 баласын асыраудың қамында түнгі кезекшілікке кеткен екен. Дегенмен, 8 жасар Ұлдана абдырап қалмастан жанып жатқан оттың арасынан өз бауырларын аман алып шыққан болатын.

Ұлдана Совет, оқушы:

- Дәуіт айтты мен рубашкамен отыра берем. Мынаны Маликаға жамылдыр деді. Маликаға жамылдырып алдық та отырдық. Сағат 2 жарымға дейін. 2 жарымда мама келді. + Сағат 1-де шатыр өртенді. Мама келгенде ол шатыр құлады. 

Осы жағдайдан соң кішкентай ғана батыр қызды аймақтағы қоғамдық ұйымдар мен құтқарушылар да бірінен соң бірі марапаттап жатты. Ал Ұлдананың отбасы үшін ең үлкен сыйлық, ол баспана болды. Өйткені 2018 жылдың соңына қарай облыстық мешіттің жанынан құрылған «Зекет» қайырымдылық қорының көмегімен оларға 2 бөлмелі пәтер тарту етілді.

Ұлдананың отбасы қазір сол пәтерде тұрып жатыр. Өзі 4-сыныпта оқиды. Батыр қыз өз бауырларына өте қамқор. Ал ең үлкен арманым – баспанасы жоқ отбасыларға үй әперу дейді. Ал батылдық жасау әркімнің қолынан келетінін айтады.

Ұлдана Совет, оқушы

- Батылдық деген ол - адамдарға көмектесу керек, қиналғанда оған көмектесу керек. Менің ойымша бұл бәрінің қолынан келеді. Мысалы, қазір мен боксқа барып жүрмін. Мен өйткені қыз болсам да ертең өскенде адамдарға көмектескім келеді. мықты болып, оларға. Өскенде аяғыма тұрып, дәрежеге тұрғанда сонда оларға көмектесіп. Менің арманым адамдар бір-біріне көмектесіп жүрсе екен деймін.

Ұлдананың басынан өткен шым-шытырық жағдайлардың барлығы қазір артта қалды. Қайсар қыз, енді ешкім ондай қиын-қыстау сәттерді басынан өткізбесе екен, - дейді. Ал оның ерлігі кімге де болсын үлгі. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы