378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Азаматтарды әскерге смс-хабарлама арқылы шақыруды қарастыру керек – Н.Ермекбаев

  • 264
  • UPD: 22:45, 01.03.2019

Азаматтарды смс хабарлама немесе әлеуметтік желілер арқылы әскерге шақырту жағын қарастыру керек. Қорғаныс министрлігінде жаңаша форматта өткен жиында ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев осындай ұсыныс білдірді.

Бұл мәселені «Әскерді цифрландыру» бағдарламасы аясында шешу керек деді. Себебі жергілікті органдардың қызметкерлері әскерге барудан жалтарып жүрген жастарды іздеп, көп уақыт жоғалтады екен. Осы орайда болашақ жауынгерлердің заңды тұрғыда жауапкершілігін күшейту көзделіп отыр.

Көктемгі әскерге шақырту науқаны таяп қалды. Жыл сайын 17 мыңнан астам азамат өзінің Отан алдындағы борышын өтейді екен. Әскерге қатысты шағымдарды жою үшін министрлік болашақ жауынгерлермен және олардың ата-аналарымен ұйымдастыру жұмысының сапасын арттыруға ден қойып отыр. Себебі, жас ұрпақтың Қазақстан армиясына деген көзқарасы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен басқармаларға барудан  бастап қалыптасады.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Уақыттың өзі Қарулы күштерден кез-келген жағдайда жауынгерлік мақсаты бойынша міндеттерді орындауға жоғары әзірлікте болуды талап етеді. Армияның қазіргі заманғы қару-жарақ пен және әскери техникамен жабдықталуынан бөлек оның негізгі компоненті жауынгерлік құрам және оның жоғары кәсіби даярлығы болып қала бермек.

Әскерге шақыртылған азаматтарды уақтылы хабардар етіп, жеткізу әкімдіктерге жүктеледі. Аталған жұмысты ұйымдастыруда Астана мен Алматы қалалары және Қызылорда облысының әкімдіктері көш бастап тұр. Ал Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс пен Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жұмыстың сапасы көңіл көншітпейді. Министр осы мәселеге мән бере келе, әскерге шақыртуды кейінге қалдыру үшін пара беретіндердің жолын кесу қажеттігін де айтты. Бұл ретте, мұндай заңсыздыққа қатысы бар лауазымды тұлғалар мен делдалдардың бетпердесін ашып, әшкерелеуді тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы