378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да Алғыс айту күні атап өтілді

  • 324
  • UPD: 23:37, 01.03.2019

Еліміздегі «Достық үйлерінің» ең алғашқысы Шығыс Қазақстанда ашылды. Облыс бойынша 120-дан астам этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың қатары жыл сайын артып келе жатыр. Мәселен Глубокое ауданы, Быструха ауылындағы Азербайжан мәдени орталығы осыдан 1 жыл бұрын ғана қызметін бастапты. Дәстүрін де, тілі мен дінін де еркін дамытып отырған сол мәдени ошақтың өкілдері қазақ еліне айтар алғысымыз шексіз дейді.

Глубокое ауданындағы Азербайжан орталығынан ән-мен жыр үзілмейді. Осы ұлттың дәстүрінен хабар беретін жәдігерлерді  жан-жақтан жинақтауға тура келіпті.Жаңадан ашылған мәдени орынның ұлттық сипат алуына Фараджевтар отбасының тигізген көмегі зор.Тіпті  олар әжелері өз қолымен тоқыған, ескінің көзі саналатын  кілемді де осы жерге әкеліпті.

Азербайжаннан депортацияланған ата-бабам тек қазақ халқының арқасында аман қалып ұрпақ өрбітті,-дейді Мариф. Қазақ жеріне үй-күйсіз жүк поездымен жеткен арғы ата-әжелері  жергілікті жұрттан көрген мейірім мен қамқорлықты ешқашан ұмытпаған екен.

Мариф Фараджев, Әзербайджан этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Біз репрессияға ұшыраған отбасының ұрпағымыз. Ата-бабамыз жерсіз-үйсіз қалғанда құшағына алып, қамқорлық көрсеткен осы Қазақ елі. Баспана беріп, барымен бөлісті. Сол үшін қазақ еліне қанша алғыс айтсам да аздық етеді. Енді бүтін бір әулет өсіп өніп жатырмыз.

Алғыс айту күнінің Марифтің қасындағы әріптестері  үшін де маңыздылығы ерекше.Сондықтан мейрамға ерте бастан әзірленіпті. Бұл жерден тек Азербайжан  ғана емес, өзге де ұлттардың биі мен жырын тамашалауға болады. 

Катерина Рыльская, бірлестік мүшесі:

- Әрине  өз ұлттық биімізбен қатар қазақ,ұйғыр, сыған билерін да жақсы үйреніп алғанбыз, өйткені біздің еліміз көп ұлтты мемлекет емес пе? Қашан да достығымыз жараса берсін дейміз.

Этнобірлестік жұмысын ұршықша иіріп отырған Мариф  өзінің егін шаруашылығын да дөңгелетіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Белсенді азаматты тек орталықта ғана емес үйінде де көпұлтты отбасы асыға күтеді. 

Анара Фараджева, Быстурха ауылының тұрғыны:

- Біз өз алдына үлкен бір көп ұлтты отбасымыз. Жолдасым азербайжан болса, менің ата-бабамда қазақ та, ұйғыр да, орыс та бар. Сондықтан  дастарханымыздан әр ұлттың дәмі  кетпейді. Дегенмен, қазақтың бауырсағына жетері жоқ. Біздің де, балалардың да сүйікті тағамы осы.

Өнерге жақын Фараджевтар жанұясының кішкенесі Сафия да қазақша әндерге билегенді ұнатады екен.  Жалпы облыста  1,5 мыңнан астам Азербайжан тұрады.Барлығы да  көп ұлттың шаңырағына айналған Қазақстанның бірлігі мызғымаса деген ниетте.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы