378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық отбасы: Қазақ еліне алғыстан басқа айтарымыз жоқ

  • 268
  • UPD: 09:38, 02.03.2019

Еліміздегі өзге ұлт өкілдері қиын-қыстау заманда пана болған қазақ жұртына шексіз риза.

Тағдыр тәлкегімен қазақ жерін мекен еткен отбасылардың бірі – Мамедовтар әулеті. Бүгінде өсіп-өніп, түтіні түзу шығып отырған бұл отбасы: «қазақ еліне алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді. 

Кеңес үкіметі кезінде солақай саясаттың салдарынан Қазақстанға 1 миллионнан астам өзге ұлт өкілі қоныс аударуға мәжбүр болды. Солтүстік Кавказдан Бақанас өңіріне келгендердің басым көпшілігі күрттер. Байбақты ауылынан орын тепкен Мұстафа Мамедовтің ұрпағы бүгінде Қазақстанды өздерінің екінші отаны санайды.

Зайфара Аюпова, Мамедовтар әулетінің келіні:

- Аталарымыз айтып отыратын, қазақтар өте қонақжай, кеңпейіл, мейірімді халық деп. Оған өзіміздің де көзіміз жетті. Жергілікті жұрт бізге ешқашан басқа ұлт деп қараған емес. Барымен бөлісіп, есігін айқара ашты. Қазірдің өзінде қонаққа баратын болсақ, көршіге кілтті тастап, алаңсыз кете береміз.

«Әкем алғаш осында көшіп келгенде қазақ тілін білмеген, бірақ бізді қазақ отбасына орналастырыңдар деп өтініпті. Екі-үш айдың ішінде үйреніп алып, кейін орыс мектебінде қазақ тілі пәнінен сабақ берді», – дейді Зайфара. Қазақ жерінен пана тапқан соғыс ардагері Мұстафа Мамедовтің артында 4 ұл, 4 қызы қалған. Олардан тараған немере, шөберелері қазір Қазақстанның әр түкпірінде түрлі қызмет атқарады. Мұстафа Мамедовтің жиені Мұхаммед Аюпов бір кездері ішкі істер саласында абройлы қызмет атқарып, полковник шеніне дейін көтерілген. 

Мұхаммед Аюпов, зейнеткер:

- Қазақ еліне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Тек бізді ғана емес, осында қоныс аударған басқа да ұлт өкілдерін қазақ халқы бауырына басты. Еңсемізді тіктеп, есімізді жиған соң, осы елге қызмет жасауды парызымыз деп білеміз.

Мамедовтар әулетінің мақтанышы Салахаддин – ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

Салахаддин Мамедов, спорт шебері:

- «Жақсылыққа – жақсылық» деген ұғымды әкелеріміз санамызға сіңіріп тастаған. Содан болар, ес білгелі кіндік қанымыз тамған елге қалтқысыз қызмет жасауға дайын болдық. Халқаралық жарыстарды көк туымыз көкке көтерілгенде кеудемді мақтаныш сезімі кернегенін айтып жеткізу қиын. Енді, міне, спортқа бет бұрған жастарға бар білгенімізді үйретіп жүрмін. 

Қазақ жерінде тамырын жайғанымен, Мамедовтар әулеті өздерінің ұлттық ерекшеліктерін де сақтап келеді. Жалпы, Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт өкілдері осы Алғыс айту мерекесін татулықтың тұғыры деп біледі.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы