375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында сақтық шаралары күшейтілді

  • 260
  • UPD: 11:19, 02.03.2019

Қарағанды облысында соңғы күндері қар қалың түсті.

Енді ол күрт ерісе, елді мекендерді су басу қаупі бар. Себебі жердің тоңы қалың, бір жарым метрге жетеді. Ал көктемгі қызыл судың алдын алуға аймақ мамандары қалай қамданып жатыр? Техника мен адам күші жеткілікті ме?

Қасат қардың көбесі сөгіліп, көктемнің төбесі көріне бастайтын наурыз айы төтенше жағдай қызметі үшін нағыз қарбалас шақ. Сондықтан құтқарушылар қауіптің алдын алу үшін қазірден қамданып жатыр. «Ең бастысы, қар күрт еріп, жаңбыр жаумаса болды», – дейді олар.

Егер күн райы осылайша құбылатын болса, Қарағанды облысында 19 елді мекенді су басу қаупі бар. Ағысы қатты ең үлкен екі өзен Нұра мен Шерубай-Нұрада судың қоры өлшенді. Соның негізінде Нұраның кей аумағында ылғалдылық мөлшері белгіленген межеден 50 пайызға жоғары екені анықталған. Жалпы 2015 жылдан бастап облыста 180 шақырымнан астам бөгеттер салынып, өзен арналарының су жайылуы мүмкін 46 шақырым жағалауы нығайтылған. Бұған қоса жол бойындағы су өткізетін 6000 құбыр тазаланған. Соның арқасында 155 елді мекенге төнер қауіп сейілді. Қазір су қоймалары қатаң бақылауда.

Ибрагим Күлшімбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- Үлкен 2-3 су қоймасын бақылауға алып отырмыз. Самарқанд, Ынтымақ, Шерубай-Нұра, солардан қазір судың деңгейін азайту жұмыстары басталды. Секундына 10 текше метр суды жіберіп жатыр. Осы су тасқынының кезіне дейін ең төменгі деңгейге жеткіземіз.  

Жалпы, биыл су тасқынының алдын алу жұмыстарына бюджеттен 1 миллиард 900 миллион теңге қаржы бөлінген. Құтқару және басқа да кезек күттірмейтін шаралар үшін 7 мың адам жасақталып, 2600-ден астам техника әзірленді.

Авторы: Ардақ Асылханұлы

Хабар 24 телеарнасы