378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да кәсіпкерлер қайырымдылық жасады

  • 273
  • UPD: 19:18, 02.03.2019

Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданы тұрғындары үшін Алғыс айту күні ерекше өтті.

Кәсіпкерлер көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беріп қайырымдылық жасаса, атқарушы билік өкілдері іскер азаматтарға мемлекеттен көрсетілетін қолдаулар жөнінде түсіндірді.

Жалпы, кеншілер қалашығы саналатын Жезкент халқы үшін биыл игі өзгерістер көп болмақ. Мұндағы аурухана мен жолдар күрделі жөндеуден өтіп, жедел жәрдем қызметіне жаңа көлік беріледі. Осы мақсатқа облыс қазынасынан 1 миллиард теңгеден артық қаражат бөлініп отыр.

Жезкенттік кәсіпкерлер жақсылық жасауға құштар жандар. «Көп түкірсе – көл» дегендей, бүгінде олар бірігіп көмекке мұқтаж тұрғындардың үйіне асығып барады. Гүлім Жолдасбаева құрылыс мекемесінде жұмыс істейді, балаларын жалғыз өзі бағып қағып отыр.

Гүлім Жолдасбаева, Жезкент кентінің тұрғыны:

- Осыдан бір бір жарым апта бұрын әкімдікке жағдайым туралы айтқан болатынмын. Маған көп керегі жоқ, баламды тегін тамақтандыруға көмектесіп берсе болды, шешіп береміз деді.

Ал Назым Сүлейменова бұл көмекті күтпегенін айтады. Алғыс айту күнінде жұрт мерейін үстем етіп, халықты қуантқан кәсіпкерлерге шынайы ризашылығын білдірді.

Назым Сүлейменова, Жезкент кентінің тұрғыны:

- Сіздерге көп рақмет, осындай сыйлық әкеліп беріп қуантқандарыңызға, жақсылықтарыңыз жалғаса берсін. Көпбалалы отбасымын, 4 балам бар, 2 ұл, 2 қыз, бізде 2 бөлме, соған пәтер бөлінсе дейміз.

Ал халықққа қуаныш сыйлаған кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік ерекше кездесу өткізді. Жиынға облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері шақырылып, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Өзекті мәселелер талқыланып, сұрақтар жауапсыз қалмады.

Сәуле Қалқаева, кәсіпкер:

- Біздің жасаған акциямыз бірінші емес, шамамыз келгенше ай сайын, тоқсан сайын жасап отырамыз. Көпбалалы отбасыларға, мүгедек баласы бар отбасыларға жасап тұрамыз.

Әкімдік қызметкерлері әр тұрғынның өтініші мен талап, тілектері жерде қалмайды деп сендірді.

Ольга Булавкина, Бородулиха ауданының әкімі:

- Мен үшін бұл мерекенің мәні ерекше. Адамдарды жақындастыратын, ізгілікке шақыратын күн деп есептеймін. Ал біз халықтың көңіл-күйі көтеріңкі болып, тұрмыс сапасы, әл-ауқаты артуы үшін жағдай жасауға тиіспіз. Биыл Жезкент тұрғындары үшін игі өзгерістер көп болмақ. Кенттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін облыс қазынасынан 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп отыр.

Биыл Жезкенттегі аурухана, полиция бөлімі ғимараты мен жолдар күрделі жөндеуден өтеді. Ал жедел жәрдем қызметіне жаңа автокөлік сатып алынады. Сонымен қатар қалашықта бұрын болмаған пәтер иелері кооперативтері ұйымдастырылып, тұрғын үйлер ретке келтірілмек.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы