375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда алдағы екі жылда 42 жатақхана салынады

  • 303
  • UPD: 23:53, 02.03.2019

Алматыда студенттерге арналған жатақханалар көптеп салына бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамасында» осы мәселені мықтап қолға алуды тапсырғаны белгілі. Алдағы екі жылда шаһарда 20 мың орындық 42 жатақхана салынады. Оның бесеуі биыл қолданысқа берілмек.

Сәтбаев университетіне тиесілі мына екі қабатты ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұрын бұл жерде колледж болған. Енді аз уақыттан соң заман талабына сай жабдықталған жатақхана студенттерді қабылдай бастайды. Жалпы оқу орнында 7 мыңға жуық бала оқыса, соның жартысы жатақханаға мұқтаж. Қазір университет 2 мыңнан астамын қамтып отыр.

Аманжол Кенжеханұлы, Сәтбаев университетінің департамент директоры:

- Реконструкция жасап отырған ғимаратымыз жатақхана болады. 265 адамға жоспарлап отырмыз. Қаланың әкімшілігімен бізге бөлінген бос жеріміз бар. Осыған 3 ғимарат жатақхана салуды жоспарлап отырмыз.

Сәтбаев университеті бұдан бөлек Алғабас ықшам ауданынан 1200 адамға арналған заманауи студенттік кампус салмақшы. Президенттің Бес әлеуметтік бастамасына Дінмұхамед Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы да үн қатып отыр. Қазір бұл жерде 500 орындық жатақхана салынып  жатыр.

Бақыт Шәкіров, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының проректоры:

Алыстан келіп оқитын балалар квартира жалдау керек. Басқа жерде тұру керек. Ол өте үлкен қаражат шығады. Ата-анасына өте ауыр салмақ түседі. Сондықтан өзіміздің оқу орнына келіп түскен балаларға арналған жатақхана жоспарланып, сол жасалынып жатыр.

Бұл жерде бір ерекшелігі - шаңырақ көтерген студенттерге арналған арнайы бөлмелер болады. «Сапалы құрылыс материалдары қолданылып, тиісті талаптар мұқият сақталуда», - дейді мамандар

Берік Дәлденбаев, жоба авторы, архитектор:

- Астында негізі жертөле бар. Жертөленің астында 1,5 метрлік плита құйылған толығынан. Сол плитаның үстіне 500/500 колонналар қойылып, төртінші қабатқа дейін, одан ары қарай 400/400 колонналармен кетеді. Оның бәрі есеп бойынша нормалық талаптар бойынша жасалынған.

Жалпы елдегі университеттердің 39-ы Алматыда орналасқан. Оларда өзге өңірлерден келген 93 мың студент оқиды. Сондықтан қалада жатақхана құрылысына ерекше мән беріліп отыр. Студенттік үй салуға аумағы 15 гектар болатын 25 жер телімі бөлінген. Оның ішінде 11 жер телімін әкімдік мемлекеттік қор есебінен берсе, қалғандары университеттерге жасаған ревизиядан кейін анықтылды. Нәтижесінде, қалада алдағы екі жылда 20 мың орындық 42 жатақхана салынатын болады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы