389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да 100-ге тарта әлеуметтік нысан жаңа жылыту жүйесіне көшті

  • 703
  • UPD: 22:26, 02.03.2019

Зығырдың сабаны қажетке жарады. Солтүстік Қазақстан облысындағы 100-ге тарта әлеуметтік нысан биоотынмен жылытыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының арқасында соңғы төрт жылда бюджеттік мекемелер 21 мың тоннадан астам көмір үнемдеді.

Сөйтіп, 150 миллион теңгеден астам қаржы бюджетте қалды. Енді жергілікті билік ауылдық жерлерде осындай қазандықтардың санын арттырмақ.

Берік Жамуковтың жаңа пештің қыр-сырын меңгергеніне екінші жыл. Бұрынғыдай көмір тасып, күл шығармайды. «Тек үш сағат сайын, пешке сабан салып тұрса болғаны», - дейді азамат.

Берік Жамуков, от жағушы:

- Барлығын компьютермен қадағалап отырамыз десек болады. Жұмыстың еш қиындығы жоқ. Қазір міне, пештегі қызу 64 градус ыстықты көрсетіп тұр.

Осылайша, бұрындары егістік алқабында жәй өртелетін сабан бүгінгі күні кәдеге жарады.

Зығыр сабаны тас көмірдің қызуынан артық болмаса, кем емес. Тіпті артықшылықтары да бар. Мәселен, мұның бағасы қара отынға қарағанда әлдеқайда төмен. Ал экологияға тигізетін зияны мүлдем жоқ десе де болады.

Мектептегі температура 20 градустан төмендемейді. Балалар сабақта кез келген ауа райында жеңіл киіммен отырады.

Нағима Біләлова, мектеп директоры:

Өткен жылы үш арнайы қазандық орнатылды. Қазір ол аудан орталығындағы екі мектепті, балабақшаны, әкімдікті және бірнеше көпқабатты үйді жылытып тұр. Енді бұрынғыдай көмір сатып алып шығындалмаймыз.

Бүгінгі күні өңірде 95 әлеуметтік нысан биоотынмен жанатын қондырғымен жылытылады. Олардың 60-ы мектеп.

Айдархан Мусин, облыстық энергетика және түкш басшысының орынбасары:

- 2019 жылы жоспар бойынша 30-ға жуық осындай қазандықтар орнатылып, оған 50-ден астам объектілер қосылады. Оның ішінде 32-сі бюджеттік мекемелер.

Айта кету қажет, соңғы төрт жылда осындай қазандықтардың арқасында жергілікті билік өкілдері облыстық бюджетті 151 миллион теңгеге дейін үнемдеген.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы