378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары марапатталды

  • 259
  • UPD: 22:13, 02.03.2019

Әлем қайырымды жандармен әдемі. Жақсылық жасаса, жаны семіретін мейірімді адамдар арамызда аз емес. Тек солардың сауапты істерін жалпақ жұртқа насихаттап, жастарға үлгі ете білу керек.

Таяуда Тұңғыш Президент - Елбасы қоры мен Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» Агенттігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауында осындай бір топ жүрегі жомарт жандар марапатталған болатын. Олардың бірқатарымен өңірдегі тілшілеріміз тілдесіп қайтты.

Табиғат жанашыры Арман Хайруллин өңірдің экологиясын жақсарту үшін 2017 жылы өз қаржысына 10 мың өскін сатып алып, тал отырғызу шарасын бастаған. Кейін Атыраудың климаттық ерекшелігіне төзімді, күй таңдамайтын топинамбур өсімдігінің тұқымын тауып, тағы игі істі қолға алды. Топинамбур - аңызаққа төзімді және ауадағы көмірқышқыл газын ең көп қабылдайтын өсімдік. Арман әкелген өскіндер жаз айларында қалалық саябақта, Назарбаев зияткерлік мектебі маңында жайқалып тұрады.

Арман Хайруллин, қоғамдық қор төрағасы:

- Менің мақсатым - үш тарапты - бизнесті, халықты және жергілікті билікті «экологизм» ұғымына шақыру. Қазір антропологиялық әсердің кесірінен табиғи жағдай нашарлап кетті. Халықтың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Мына соңғы судың ластануы ондағы балықтардың қырылуы және де ауамыздың ластануы оны біздер тексеріп көріп жүрміз. Бізде ақпараттандыру мәселесі әлі де шынайылықты талап етеді. Экология деген ол кезек күттіретін мәселе емес.

Ал қарағандылық Сымбат Елікбаева 2014 жылы шағын цех ашып, кәсібін бастаған. Шебер былғарыдан ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар жасайды. «Сапалы өнімге қашанда сұраныс жоғары», - дейді ол. Келешекте отандық бренд қалыптастырып, тауарын шетелге өткізуді көздеп отыр. Ішкі нарықта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған кәсіпкер еліміз бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп те пайда табады. Сонымен қатар соңғы 3-4 жылда Сымбат мүгедек жандарға және тұрмысы төмен отбасы балаларына тегін дәріс беріп, бар білгенін өскелең ұрпаққа үйретіп келеді. Оның бұл қамқорлығы елеусіз қалған жоқ. Жуырда өткен «Қайырымдылық керуені» байқауында «Асар» аталымының жеңімпазы болды.

Сымбат елікбаева, қолөнер шебері:

- Ұлттық бар нәрсені бағалай білсін. Халқымызға тән, өзіміздің брендімізді, өзіміздің оюымызды жаңғыртсын. Өзіміздегі болатын нәрселерге көздерін жеткізіп, пайдалы іске ұмтылсын деген мағынада болатын осылардың барлығы. Ең бірінші сәтте жас ұрпақты осы мағынада тәрбиелеу болған. Өйткені өзім ұстаз болғандықтан, осындай ойдан туды.

Байқауда жеңімпаз болғандардың қай-қайсы да зор құрметке лайық. Себебі олар қашанда жақсылық жасауға ұмтылып, жан-жағына шуақ сыйлап жүреді. Ал әлем осындай жандармен әдемі.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Ардақ Асылханұлы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы