378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлдық журналист жазған мақалалар мұқтаж жандарға септігін тигізіп келеді

  • 212
  • UPD: 15:25, 03.03.2019

Солтүстік қазақстандық Александра Кондратова өз туындыларының денін көмекке мұқтаж жандарға арнапты. Қаламы қарымды. Соңғы 7-8 жылдың жүзінде 70-тен астам материал дайындаған екен. Сөйткен еңбегі зая кетпеді. Жақында республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына қатысып, жүлделі болды. 

Жас та болса көмекке мұқтаж жандардың мәселелерінің шешілуіне атсалысып жүрген Александра Кондратова бүгінде қаламы қарымды журналистердің бірі. Облыстық газетте 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді. Сол кезден бастап, өмірдің қиын жағдайына тап болып көмек сұрап келген жандар жайында бірталай мақала жазған. Оның басым бөлігі оң шешімін тапты.

Александра Кондратова, облыстық газеттің тілшісі:

- Қолдан келіп жатса, неге көмектеспеске?  Өйткені бәріміз пендеміз ғой.Оның үстіне қиындық әркімнің басына аяқ асты келуі мүмкін. Сондықтан әркез жақсылық жасауға тырысамын. Ал мақалаларымнан кейін айтарлықтай нәтиже болып жатса, мен үшін  ең бастысы осы.

Александра Кондратованың алғашқы мақалаларының бірі Карина Хайрутдинова жайында болды. Сол кезде 6 жасар қыз балаға ауыр дертінен айығу үшін Германияда операция жасату қажет еді. Алайда ата-анасының қаражаты жетпеген соң олар газет редакциясынан көмек сұраған.

Анжелика Хайрутдинова, қала тұрғыны:

- Қызым ол кезде эпилепсияға шалдығып, күніне 140 рет есінен танып қалатын. Ал  операция жасату үшін бізге шамамен 10 миллион теңгедей қаражат қажет болды. Ол кезде әлеуметтік желі бүгінгідей дамымаған еді. Сондықтан редакцияға барып көмек сұрадық. Нәтижесінде қажетті ақшаны дер кезінде жинадық.  Ал Александра болса біз жайында газеттің әр шығарылымда мақала жазып тұрды.

Ал наурыз айының ортасында анасы Каринаны енді Ресейдің Қорған қаласына апармақ. Өйткені баланың аяғы мен қолына тағы да операция жасату қажет.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы