375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында лифт жасайтын зауыт ашылады

  • 301
  • UPD: 23:55, 03.03.2019

Талғарда лифт зауытының құрылысы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Енді Оңтүстік Кореядан заманауи техникалар жеткізіліп жатыр. Бұл өндіріс ошағы іске қосылса, елімізде жеделсаты шығаратын екінші зауыт болмақ. «Тұрғын үй шаруашылығына қажет техника өндірісі осы саладағы қауіпсіздікті барынша күшейтуге сеп болады», – дейді сала мамандары. Қазіргі кезде тек Алматының өзінде лифт атаулының 70 проценті ескірген. 

Қазір мұнда негізгі құрылыс аяқталып, техникаларды құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Зауыттың жылдық қуаты 400 лифт шығаруға жетеді. Өндіріске қажетті техникаларды оңтүстіккореялық мамандар орнатып, біраз уақыт оның жұмысын өздері бақылайды. Ал болашақта осы зауытта жұмыс істегісі келетіндер жаңа технологияны басқаруды оқып, үйренеді. 

Алиш Халафов, зауыт директоры:
- Зауыт толықтай жаңа құрылғымен жабдықталады. Лазерлі станок және басқа да автоматты қондырғылар орнатып жатырмыз. Жұмыстың негізгі бөлігі цифрлы жүйе арқылы басқарылады. Мұнымен қатар лифтіге қажетті қосымша бөлшектердің 55 пайызы өзімізде жасалады.

Дәл осындай тағы бір зауыт Ақмола облысында жұмыс істеп тұр. Алайда онда шығарылған өнімдер жеткіліксіз болғандықтан, елге қажет лифтілердің жартысы сырттан әкелініп келді. Сондықтан үкіметте ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарлы, қауіпсіздік талабына сай жаңа зауыт салу туралы сала мамандарына тапсырма берілген болатын.

Ержан Игібаев, Қазақстан лифтшілер ұлттық қауымдастығының президенті:
- Оңтүстік Кореяның үздік технологиясын пайдаланып, елімізде шығарылатын лифтілердің сапасын халықаралық талапқа жеткізуіміз керек. Өйткені соңғы кезде сапасыз лифтердің кесірінен адам өліміне әкелген келеңсіз жағдайлар жиілеп кетті. 

Енді «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынатын көпқабатты үйлерге отандық лифтілер орнатылады. Сондай-ақ тозығы жеткен лифтілер ауыстырылады. Қазіргі кезде Алматы мен Шымкент қалаларындағы лифтілердің 70 пайызы жарамсыз.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы