378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысындағы білім мекемелерінде энергия үнемдеудің жаңа әдісі қолданылады

  • 257
  • UPD: 23:54, 03.03.2019

Қарағанды облысындағы мектептер мен балабақшаларға энергия үнемдейтін технология енгізіліп, коммуналдық қызмет ақысы әлдеқайда төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Автономдық жылу бекеттері Шахтинск қаласында орналасқан барлық білім ордаларында бар. Заманауи технология ауа райына байланысты жылу бөліп, ғимараттың ішіндегі қажетті температураны сақтайды. Жылу бекеттерін орнату үшін қалалық бюджеттен 40 млн теңге жұмсалған. Дегенмен қазірдің өзінде білім мекемелері жылына коммуналдық қызметке төленетін 8 млн теңгені үнемдеп отыр.

Светлана Пак, Шахтинск қаласы №1 гимназияның директоры:

- Біз үнемделген қаражатқа мектепке қажетті жабдықтарды аламыз. Жиһаз, шахмат үстелдерін сатып алдық. Мұның барлығы үнемдегіш технологияның арқасында енгізілген. Бұл қаржы шатырларды жөндеу жұмыстарына да жетіп жатыр.

Жаңа технологияны қалалық білім бөлімінің басшысы Николай Онсович енгізген. Оның бұл қызметті атқарып келе жатқаннан 8 жыл болыпты. Бұрын бюджет педагогтардың жалақысы мен коммуналдық қызметке кетсе, енді оңтайландыру бағдарламасы аясында бес жаңа білім мекемесі ашылған. Бұларды жөндеу жұмыстарына 800 млн теңге жұмсалған.

Николай Онсович, Шахтинск қаласы білім бөлімінің басшысы:

- 200-250 млн теңгені құрайтын белгіленген лимит бар. Бұл – қаражат жыл сайын мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіру үшін бөлінетін қаржы. Жаңа технология енгізілген уақыттан бері мектеп директорлары қаражатты үнемдеп үйреніп, білімнің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды қолға алып жатыр.

Шахтинск қаласының мектептерінде жүзеге асырылып жатқан жаңашылдықтар бұнымен шектелмейді. Білім ордаларында жаңа кабинеттер ашылып, заманауи жиһазмен жабдықталған. Аулаларды абаттандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде шаһар мектептерінің 72 проценті бөлінген қаражатты үнемдеуге көшкен. Қазір қаржыға мектеп директорлары жауапты.

Айта кету керек,  2020 жылы Қазақстандағы барлық мектептер жаппай дербес қаржыландыру жүйесіне көшеді.      

Авторлары: Айнұр Әбдиева, Сайлау Игликов 

Хабар 24 телеарнасы