389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР ҚК спартакиадасы: шаңғы жарысы бойынша үздіктер анықталды

  • 933
  • UPD: 23:54, 03.03.2019

Қазақстан Қарулы күштерінің спартакиадасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл жолы шаңғы жарысы бойынша үздіктер анықталды. Жылдағы дәстүр бойынша қатысушылар Ақмола облысындағы Армия орталық спорт клубының оқу-жаттығу базасына жиналды. Бас-аяғы 17 команда 2 күн бойы сынға түсті.

Әскери қызметшілер арасындағы спартакиада жыл сайын дәстүрлі өтіп тұрады. Биылғы реттік саны – 16. Оның аясында Қарулы күштер сапында жүрген қыз-жігіттер 7 спорт түрі бойыша өзара мықтыны анықтамақ. Соның бірі – осы шаңғы жарысы.

Айталап Қорғамбаев, ҚР ҚМ АОСК Спорт комитетінің төрағасы:

- Бірнеше кезең бойынша іріктеуден өтеді. Өздерінің бөлімшелерінде, горнизондарда, аймақтық қолбасшылықта өткізеді. Сөйтіп іріктеліп келіп осы жарысқа қатысады. Жарыстың негізгі мақсаты – ең мықтыларды іріктеп, болашақта күтіп тұрған халықаралық жарыстарға ҚР Қорғаныс министрлігінің командасын жинақтау.

Сонымен, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықтылар патрульдердің командалық жарысы және патрульдердің эстафетасы бойынша сынға түсті. Бұл – шаңғы жарысының әскери салаға икемделген түрлері. Яғни алғашқысында қатысушылар 10 шақырым жүріп өтіп, 5 нысананы дәл көздеу керек. Ал эстафета бәсекесінде қашықтық 2 есе қысқарады.

Мейір Кутуев, жарысқа қатысушы:

- Жарысқа қатысушылар өте мықты дайындықпен келген. Кеше екінші орын, бүгін үшінші орынды иеленіп отырмыз. Жарысқа қатысушылар өте мықты екен. Өзім мектеп жасымда айналысқанмын, одан соң колледжде айналыспадым, әскери қызметкер болып жұмысқа кірген соң қолға алдым. Биыл төртінші жыл қатысып отырмын.

Спартакиада қатысушыларының қатары жыл сайын артып келе жатқанын айта кету керек. Соған сәйкес спортшылар арасында бәсеке артып, жарыс нәтижелері айтарлықтай жақсарып қалды.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы