378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысындағы шағын елді мекендерді көркейту жұмыстары қарқын алмақ

  • 214
  • UPD: 08:53, 04.03.2019

Аймақ әкімдігі биылға жоспарланған кешенді шараларға 22 млрд теңге бөліп отыр.

Осы жылы Басқұдық пен Жыңғылды ауылдарына ауыз су және газ құбырын тарту жұмыстары аяқталады деп күтілуде.

Түрікпенбай Тұрғамбаев - білім саласының ардагері. Саналы ғұмырында жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Жастардың жайлы орын іздеп, жаппай қалаға көшкенін де көрді. Тәуелсіздік жылдары ауылдар дамығалы жағдайдың оң өзгергеніне шүкірлік етеді. «Осы бағыттағы іс-шаралардың Елбасы пікірінен соң жанданарына сенім мол», - дейді ауыл ұстазы.

Түрікпенбай Тұрғамбаев, білім саласының ардагері:

- Ауылдық жерлерді дамыту бұрын да Президентіміздің көкейінде жүрген мәселе. Кеше де оны түйіп өтті. Жастарды ауылға тұрақтандыру үшін, олардың кетіп қалмауы үшін барлық жағдайды жасау керектігі айтылды. Ауыз су тартылса, жол салынса, сол жерде кәсібін дамытып отыра береді.

Ауыл инфрақұрылымын дамытуға жоспарланған жобалар Мұнайлы мен Маңғыстау аудандарында да жүзеге асуда. Мәселен, Басқұдық ауылына газ тартуға былтыр инвестор компания 100 млн теңге бөлді. Бүгінде он бір көшенің сегізіне газ барды. Қалғаны жыл соңына дейін қамтылады.

Шәрбат Тілеуова, ауыл тұрғыны:

Бұрын біз тоққа пісіретінбіз. Электр энергиясының өтемі де қымбат. Мынадай үлкен үйді жылытуға да керемет қаржы жұмсайтын едік. Қазір жақсымыз. Газды әлі де алмаған үйлер бар. Олар да біз сияқты қуансын деп тілек тілейміз.

Ал Жыңғылдыға ауыз су жеткізу 2016 жылы басталды. Осы мақсатқа қазынадан 860 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазір жұмыстың 90% аяқталып тұр. Биыл мәселе түбегейлі шешіледі. Жоба бойынша тіршілік нәрі жерастынан насоспен сорылып, құбыр арқылы жер үйлерге таралады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы