378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде «Бақытты отбасы» жобасымен көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілмек

  • 261
  • UPD: 11:27, 04.03.2019

«Бақытты бала» жобасы көптеген жеткіншекке қуаныш сыйлады. 2018 жыл Ақтөбеде балалар жылы болып жарияланып, қанатқақты жоба қолға алынған еді. Нәтижесінде қамқорлыққа мұқтаж балаларға 800 млн теңге жұмсалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі істер жалғасын табады. Жоба аясы кеңейіп, «Бақытты отбасы» бағдарламасы жасалатын болады. Елбасы көп балалы және тұрмысы төмен әрбір отбасына тиісті көңіл бөлуді тапсырған еді.

Мереке сабақты өте жақсы оқиды. Әсіресе, физика мен математика пәндеріне зерек. Жеткіншек көп балалы отбасынан шыққан. Алдыңғы екі ағасы да осы мектепте оқиды. «Үшеуі де оқу озаты» деп, ұстаздары мақтап отыр. Баласы көп отбасына «Бақытты бала» жобасымен көмек көрсетілген. Балалар лагерьге жолдама алса, үйдің кішкентайы арнайы балабақшаға орналастырылды.

Мереке Тілеуберді, оқушы:

Өткен жазда лагерьге бардым. Осы лагерде мен жақсы демалып қайттым. Енді сыртқы лагерьде алдағы жазғы демалыста барамын. Аквапарк, юртапарк ойын-сауық кешенін ашты, соған да жазда барамын.

Гүлайым Кәкенова, көп балалы ана:

- Бір балам мүгедек болғаннан балабақшаға барады. Бұл балабақша ерекше балаларға арналған. Бұл былтыр облыс әкімдігі тарапынан ашылды. Жақсы балабақша, бассейн, массаж бәрі қарастырылған.

Балалар жылы 820 балаға түрлі медициналық көмек көрсетілді. 249 сырқат баланы шетелдік мамандар қабылдады. 4 бала Оңтүстік Кореяға , 3 бала Түркияға барып емделіп қайтты. Бір үйдің балалары -Кәусар мен Айымның құлағына кохлеарлы имплантант орнатылды. Туа біткен есту қабілеті бұзылған балалар қазір оңалып келеді. Операция «Бақытты бала» жобасы аясында тегін жасалды.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Биыл да осындай жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Шетелдік клиникалармен және Астана, Алматы қалаларындағы ғылыми институттармен меморандумға қол қойғанбыз. Бірге кеңес беру, бірге емдеу мәселесі бойынша. Биылдың өзінде бір бала қосымша Әйтеке би ауданынан Оңтүстік Кореяға оңалту еміне жолданды. Осындай жұмыстар алда да жалғасын табады.

«Бақытты бала» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту-сауықтыру орталығы салынды. Жалпы өңірде мүмкіндігі шектеулі 3000 бала болса, олардың тең жартысы церебральді сал ауруы мен сүйек-бұлшықет патологиясына шалдыққан. Ал 140 балаға аутизм диагнозы қойылған. Бұған дейін балалар басқа қалаларға барып емделетін еді. Сондай-ақ, балалар жылы Германиядан келген онкогематолог Гюнтер Хенце 100 баланы тегін қабылдап, қажетті кеңес берді. Облыс орталығында балалар онкогематология орталығы салынып жатыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы