378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада «Халыққа көмек» жобасы қолға алынады

  • 271
  • UPD: 13:15, 04.03.2019
Астанада «Халыққа көмек» жобасы қолға алынады elorda.info

Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың басшылығымен Nur Otan партиясының XVIII съезінің қорытындысы бойынша партия активімен кездесу өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Елорда әкімдігінде өткен кездесу жұмысына құзырлы орган басшылары, мемлекеттік мекеме жетекшілері мен партия мүшелері қатысты.

Күн кезегінде Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасының айтып өткен тапсырмаларын орындау мәселесі қаралды.

Алдымен қала басшысы, Nur Otan партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Бақыт Сұлтанов ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстар бойынша баяндама жасады.

«Елбасы жақында өткен партия съезінде әлеуметтік жаңа саяхатты жариялады. Әлеуметтік доктринада басты назар көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасы мен бюджеттік қызметкерлерге қолдау көрсетуге бағытталды. Осы тұрғыда біз қоғамдық бақылаудың жаңа механизмдерін әзірлеуіміз керек», - деді қала әкімі.

Б.Сұлтанов өз сөзінде iKomek жедел әрекет ету қызметінің жұмысына тоқтала келе, тұрғындардың өтінішін жедел түрде шешудегі жұмысты одан әрі жетілдіруді тапсырды.

«Халыққа көмек» астаналық партиялық жобасын жүзеге асыруды ұсынамын. Жоба iKomek және қалалық партия филиалымен бірлесіп әрекет жасауы тиіс. Бұл жерде халықпен тығыз байланыстың мәні зор. Кері байланыс сенім телефоны және интернет желісінің барлық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жүргізілуі тиіс», - деді ол.

Елорда әкімі аталған жобаны қолға алып, оның жүзеге асыру механизмдерін жасап шығаруды қалалық iKomek жедел әрекет ету және мониторинг орталығының жетекшісі Жаннат Дубирова мен қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаровқа тапсырды.

«Біз халықтың өтініші мен ұсынысы жұмысына барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарды жұмылдыруымыз қажет. Сонымен қатар,тұрғындарға бізге жолдаған өтініш, сауалының қаралу, орындалу процесін өздігінен бақылау жасай алатындай мүмкіндік жасаймыз. Тұрғындардың өтініші мен сауал-сұрағын партия өкілдері күнделікті қабылдау жұмысы арқылы шешуі тиіс», - деді Б.Сұлтанов.

Хабар 24 телеарнасы