378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл басынан бері 100-ден астам еңбек мигранты елден шығарылды

  • 219
  • UPD: 14:37, 04.03.2019
Жыл басынан бері 100-ден астам еңбек мигранты елден шығарылды

Жыл басынан бері 100-ден астам еңбек мигранты көші-қон талаптарын орындамағаны үшін елден шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен аптаның ортасында басталған «Құқықтық тәртіп» атты республикалық жедел алдын алу шарасы бірінші кезекте тіркелген мекенжайы бойынша тұрмайтын және еңбек жасау мерзімін уақытылы ұзартпаған келімсек жұмысшылар мен оларды үй шаруасын жасауға жалдаған ел азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тартуға бағытталған.

Өткен жылы Астана қаласының көші-қон орталықтарында 125 мың шетел азаматы тіркелген. Оның 80 мыңға жуығы – еңбек мигранттары. Оның ішінде 2,5 мыңға жуығы миграциялық ережені бұзғаны үшін еліміздің аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылды. Және де 3 мыңға жуық қазақстандық азамат көші-қон ережесінің талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міне, сондай заңбұзушылықтардың алдын алу рейдтер өткізіліп отырады. Дәл менің ту сыртымда қазір көші-қон қызметінің өкілдері жеке меншік сектордағы үйлердің бірін тексеруге алды.

Нұрғиса Оспанов, қалалық көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Қазіргі уақытта 2019 жылдың 28 ақпанынан 6 наурызға дейін Астана қаласының аумағында құқықтық тәртіптік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қазір міне, Астана қаласы Разина көшесі, №24 үйде Өзбекстан Республикасының 3 азаматы анықталды. Келу мақсаттары еңбек мигранты. Әкімшілік құқықбұзушылық әзірше анықталған жоқ. Осы үйде жұмыс жасайды, ешқандай ескерту жоқ.

Көші-қон қызметі өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлар өкінішке қарай көп емес. Көбіне үй иелері келімсек жұмыскерлердің төлқұжаттарын алып алып, олардың еңбекақыларын ұзақ уақыт бермей қояды екен. Сөйте тұра, гастарбайтерлердің елде қалу мерзімін ұзартпайды да. Мұндай жағдайда жеке тұлғаға 30, ал заңды тұлғаға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Арман Робертұлы, қалалық көші-қон қызметі басқармасының басшысы:

- Құқықтық тәртіп жедел профилактикалық шарасын өткізу нәтижесінде көші-қон полиция қызметкерлері, онымен қоса, жергілікті полиция қызметкерлері мекенжайларды тексереді. Және де сонымен қатар, қаланың инфраструктуралық объектілерін тексереді. Яғни көбінесе, бізде жиі-жиі кездесетін құқықбұзушылықтар көші-қон саласында болсын немесе әкімшілік саласында болсын, олар біріншіден өзінің тіркелген мекенжайын ауыстыру болып келеді.

«Былтырғы кезеңмен салыстырғанда биыл жалдамалы әрі қолжетімді еңбек күшін ұсынатын ала шапанды ағайынның Қазақстанға келу көрсеткіші 30% төмендеген», - дейді көші-қон полициясының өкілдері. Бұл жағдай солтүстік көршімізді де айналып өтпеген сыңайлы. Бірінші кезекте елде қолжетімді еңбек күшін ұсынатын құрылыс компанияларының артуы оң септігін тигізсе, екіншіден Ташкентте құрылыс қарқынының артуы осыған себеп болып отыр.

Арман Робертұлы, қалалық көші-қон қызметі басқармасының басшысы:

-Ең басты біздің ахуал, біздің проблема ол – әрине, осы шетелдіктердің қылмыс жасауы. Немесе олар субъекті ретінде қылмыс жасайды немесе оларға қатысты қылмыс жасалынады объекті ретінде. Ол бізде басты мәселе сондай. Әрине, біз құқықтық жақтан әр түрлі акциялар өткіземіз. Консультация бізде бар.

Айта кеткен жөн, жыл басынан елімізге 11 мыңнан астам еңбек мигранты келген. Оның жартысынан астамы - көрші Өзбекстаннан екі қолға бір күрек іздеген қара жұмысшылар. Ал Еуропадан келетін қызметкерлер көбіне IT маманы мен менеджер сынды жетекшілік қызметтерге, өзге де шығармашылық салаларға бағытталады екен.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы