389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында мүгедек жан көп пәтерлі үй құрылысын аяқтауға қаржылай көмек сұрауда

  • 598
  • UPD: 22:15, 04.03.2019

Былтыр Ақтөбе облысында кәсіпкерлердің құқығын  қорғау кеңесі 22 арыз-шағымды қарап, оның 17-сі бойынша оң шешім шығарған.

Көбі жер, несие, субсидия мәселесі бойынша көмек сұрайды. Сол шағымдардың 60 проценті уақытылы шешімін табады екен. Десек те, жылдар бойы проблемасы шешілмей келе жатқан бизнес өкілдері де бар. 

Жайлаубай Саргубенов Хромтау қаласында 13 пәтерлік тұрғын үй құрылысын бастайды. Қолында бар 36 млн теңгеге қабырғаларын тұрғызып, коммуникация желілерін жүргізеді. Алайда төбесін жабуға және ішкі жұмыстарына қаражаты жетпей қалады. 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі кәсіпкердің 3 жылдан бері қақпаған есігі жоқ. Банк құрылысы бітпеген нысанды кепілге алмайды.

Жайлаубай Саргубенов, кәсіпкер:

- Сол бөлмелерін бәрін бөліп қойдық. Шамалы ғана жұмысы қалды. 10 шақты млн теңгеге. Қаражат керек, банк алмайды. Банктің талабы – төбесі бітпеген үйді кепілдікке алмаймыз дейді. Баға, оценка ештене істелмейді дейді.  

Кәсіпкер облыстық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап барды. Мұндағы мамандардың айтуынша, екінші деңгейлі банктер мен қаржыландыру институттары мүлік кепілдігі болмаса, тәуекелге бармайды. Мәселені шешудің бір жолы, жергілікті әкімдікпен келісіп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде құрылысты аяқтау. Бұл жерде аудан әкімдігінің қолдауы маңызды.

Анар Дәржанова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Салынып жатқан кезде қызығушылық болу керек. «Мынау не салынып жатыр екен, мұнда қанша жұмыс орны болады екен, не қызмет болады екен?» деп. Үй саламын деп отыр, үй деген ауданда да, қалада да керек. Оған алдымен сұраныс керек. Жеке зауыттар бар, жеке адамдар бар. Оның шаршы метрі қанша, соның бәрі алдын ала анық, сұраныс болу керек.

Хромтау ауданының басшылығы кәсіпкердің проблемасынан хабардар. Алайда құрылысы бітпеген үйді бюджет қаржысына сатып ала алмаймыз деп отыр. Сондықтан басқа жолдарын іздеп көрмек.

Алдан Қайратұлы, Хромтау ауданы әкімдігі аппаратының заң бөлімінің басшысы: 

- Сметалық құжаттары жоқ, сондықтан негізсіз болады бізге, жеке адамнан ешқандай құжатсыз сатып алған. Жеке инвесторлар іздеп, құрылысын бітіріп бермесе, бұл кісі бізге «сатып алыңдар» деп тұр. Шешілмей тұрған мәселе сол. Ал, біз сатып ала алмаймыз.

Жалпы былтыр 2 мыңнан астам кәсіпкер түрлі қаржы көздерінен 35 млрд теңге көмек алған. Ісін жаңа бастаған 516 адам «Бастау» жобасымен жеңілдетілген несие алса, 117 кәсіпкерге арнайы грант бөлінген.

Авторлары: Ақсәуле  Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы