388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 17 мыңға жуық адамға атаулы әлеуметтік көмек беріледі

  • 624
  • UPD: 21:05, 04.03.2019

Қостанай облысының билігі биыл 17 мыңдай тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек береді. Аймақта осындай мемлекеттің жәрдемақы есебінен өз кәсібін ашқандар бар.

Айгүл Есмағамбетова төрт баланың анасы. Кезінде мемлекеттік мекемеде істеді. Ал бір жыл бұрын жұмыссыз қалды. Көп ойланбастан жұмыспен қамту орталығына хабарласып атаулы әлеуметтік көмекке ие болды. Жәрдемақыны шағын кәсіп ашуға жұмсады. Қазір көп балалы ана денсаулық клубын басқарып отыр.  

Айгүл Есмағамбетова, кәсіпкер: 

- Неше түрлі адамдар келеді. Әр түрлі өздерінің аурулары, проблемалары бар деген сияқты. Солардың барлығына көмектесетін жағдайға жеттім.  Бір жылдан артық жұмыс істеп келе жатырмын. Осы кабинетте, осы жерде.

Биыл өңірдің 17 мың тұрғыны атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылады. Табысы жоқтарға қаражат бөлумен қатар жұмыспен қамтуда жәрдем қарастырылады. Бұл оқыту курстары, жастар тәжірибесі және қоғамдық жұмыстарға тарту негізінде іске асырылады.

Азамат Аужанов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұрын олар әлеуметтік көмекті жұмыссыз ретінде алып жүрсе, енді міндетті түрде еңбекпен қамтылады. Халық арасында осындай арқа сүйеушілік мінезді жоюды мықтылап қолға аламыз.     

Облыстағы әлеуметтік жұмыс орындары 500-ден 740-қа, яғни бір жарым есеге көбейеді. Қоғамдық жұмыс орындарына қосымша 650 миллион теңге бағытталады.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- Көп балалы отбасылар санитарлық күту жұмыстарына жұмылдырылады. Жаз бен көктем мезгілдерінде. Яғни, бар болғаны жарты күн жұмыс істейді. Оларға бұл тиімді.  

Қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына облыс бойынша 2075 адам жұмылдырылады. Олар механизатор, аспаз, дәнекерлеуші, тігінші сияқты мамандықтарды меңгеріп шығады.   

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы