378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында мұқтаж отбасыларды қолдауға 3 млрд теңгеден астам ақша бөлінеді

  • 219
  • UPD: 21:47, 04.03.2019
Алматы облысында мұқтаж отбасыларды қолдауға 3 млрд теңгеден астам ақша бөлінеді

Алматы облысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражат өңірде әзірленіп жатқан әлеуметтік карта аясында қарастырылмақ. Атап айтар болсақ, көп балалы отбасыларға арнап 120 пәтерлік екі үй салынады.

Талдықорғанда құрылысы жүріп жатқан коттедж қалашығынан да баспана беріледі. Сонымен қатар көп балалы аналарды жұмыспен қамтамасыз етіп, оларға курорттық демалыс орындарына жолдама беру, қоғамдық көліктерде тегін жүріп-тұру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Ал осындай отбасылардан шыққан балаларға мектеп, балабақшаларда тамақ пен мектеп формалары тегін беріледі. Жазғы лагерлері де ақысыз. Сондай-ақ жоғары оқуға баратын талапкерлерге 100 грант бөлінеді. Әлеуметтік картада көп балалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне газ жеткізу мәселесі бойынша да бірқатар жеңілдік қарастырылған.

Ғалымұрат Жүкел, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Nur Otan партиясының тарихи съезінде берілген тапсырмалары негізінде бұл мәселелерді қайтадан қарап, ауқымын кеңейтіп, нақты шаралар қолданылатын болады. Осы уақытқа дейін біз 3 млрд. теңге қосымша бөлінгенін айта кетсек, съезде берілген тапсырмаларға сәйкес, бұл қаржының ауқымы бұдан да артуы мүмкін. Оның нақты есебін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында анықтап алатын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы