378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттің іргесіндегі мөлтек аудан тұрғындары ауызсу мен жарықсыз отыр

  • 247
  • UPD: 14:14, 05.03.2019

Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының съезінде жаңа үкіметке ауылдық жерлерге тұрғын үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын.

Бұдан басқа ауылда да ақша тауып, ел қатарлы күн көруге болатындығын да айтқан. Ол үшін аймақтарда шағын және орта бизнесті дамыту керек. Ал Шымкенттің іргесіндегі «Солтүстік саяжай» мөлтек ауданның халқы «Елбасы сөзінен соң сең қозғалды», – дейді.

«Солтүстік саяжай» халық үшін әзірге мамыражай болмай тұр. 615 гектар аумақты алып жатқан мөлтек ауданның жайын бұрын да бірнеше мәрте айтқанбыз. Мұнда жалпы 4875 үйге жер телімі берілген. Соның қазір 675-і тұрғыны үй салып қоныстанған. Солардың қатарында Зибагүл Қосуақ та бар. Ол бұл жерге 2014 жылы көшіп келіпті. «Ол кезде үй тұрмақ көше де жоқ болатын. Қазір тас жолымыз бар. Енді ауызсу мен электр жарығы, сосын мектеп мәселесі шешімін тапса», – дейді тұрғын.

Зибагүл Қосуақ, қала тұрғыны:

- Негізгі мәселеміз жарық пен судың жоқтығы еді. Жол болмағаннан кейін жедел жәрдем де келе алмаушы еді. Мына жол былтыр тамыз айында келді. Үш шақырым төсеп берген. Енді биыл 10 км тастақ жол төсеп береміз деп уәде беріп жатыр.

Қазір «Солтүстік саяжайдың» балалары көрші «Достық», «Тұрлан» шағын ауданындағы мектепке, тіпті кейбіреулері қала орталығына қатынап оқиды. Әсіресе қыстың күні мен ерте көктемде қиын дейді ата-аналары. Себебі, батпақты көшемен үлкен жолға шығу әсіресе мектепке баратын оқушыларға ауыр соғады. «Ал мұнда алдағы уақытта бір емес, үш білім ұясы бой көтереді», – дейді қалалық білім басқармасының өкілі. Қазір мектептің жобасы жасалуда.

Ерлан Пірімқұлов, қалалық білім басқармасы бөлім басшысының м.а.:

- Үш мектеп қаралған. Осы жердегі үш мектептің екеуіне алғашқы құрылысына жобалық сметасын жасап жатырмыз. Мектеп келесі жылы басталады деп жоспарлануда.

Тұрғындармен кездесуге осы мөлтек ауданға қарайтын Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен білім басқармасы, тіпті көп жерде бой көрсете бермейтін энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан да жауапты шенділер келіпті.  Жарықтың жайын, ауызсудың азабын айтқан жұртшылыққа берер жауап та дайын болып шықты.

Жолдасбек Жаңбыршы, қала тұрғыны:

- Ең басты нәрсе ауызсу керек. Жарық керек. Сосын мектепке таситын автобус керек.

Нұрлан Жаманкөз, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- «Солтүстік саяжайға» бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бірінші кезекте ауызсу, жарық мәселесін шешеміз. Сол жобаны биыл аяқтаймыз. Аяқтаған соң, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп, құрылысын жүргізетін боламыз.

«Солтүстік саяжайдың» жағдайын жақсы білемін», – дейді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов. Мұндағы қордаланған мәселелерді шешу үшін бірнеше рет халықпен де жүздесіпті. Мұнда әуелі 11 көшеге тас жол салынады. Ал ортадағы бір жол тұрғындар өтінішімен асфальт төселінеді. Сосын ауызсу тартылады. «Барлығы ретімен шешімін табады», – дейді аудан басшысы.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- 5 ауданнан қосылған елді мекендер бар. Ол жерде бүгінгі күнде біраз елді мекендердің инфрақұрылымдары шешілмеген. Жалпы, Шымкент қаласында 111 шақырым топырақ жол бар. Оған көлік басқармасынан 300 млн теңге қаржы бөлінді. Топырақ жолдардың барлығы биыл 100 пайыз тас төстеліп бітеді.

Тұрғындарға енді тек әліптің артын бағу қажет. Ал күрмеуі көп мәселе біздің де ұдайы назардан тыс қалмақ емес.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов  

Хабар 24 телеарнасы