375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың тізімін жасақтау үшін арнайы карта түзіледі

  • 280
  • UPD: 20:32, 05.03.2019

Келер аптадан бастап бір топ Үкімет мүшесі аймақтарды аралап, халықпен кездесу өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрмысы төмен жанұяларға барып, олардың талап-тілектерін тыңдайды. Ал атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылардың тізімін жасақтау үшін арнайы әлеуметтік карта түзіледі. Тағы бір ақжолтай ақпар бар. 1 шілдеден табысы төмен қызметкерлердің жалақысы 30 процентке өседі.

Мұның барлығы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте айтылды. Қоғамда талай рет талқыға түскен көпбалалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмектің кімдерге бұйыратынын бүгін сала басшылары тағы бір мәрте түсіндірді. Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова «20 мың 741 теңге жәрдемақы, 830 мың тұрғынға тиесілі», - деді. Ал елімізде 4 млн-нан астам отбасы бар. Әрине оның бәрі шалқып-тасып өмір кешіп жатқан жоқ. Сондықтан мемлекеттік органға арызданып, көмек сұрап жатқандар бар. Енді олардың әрқайсының мәселесі жеке қаралады. Яғни Үкімет ешкімді назардан тыс қалдырғысы келмейді. Гүлшара Әбдіқалықова осыған орай баршамыз бірігіп мұқтаж жандарға қол ұшын беру керектігін айтты. Тіпті бұл бағытта БАҚ өкілдерімен қояң-қолтық жұмыс істеуге уәде етті.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Келесі аптадан бастап өзім және министрлер облыстарға іс-сапармен барып, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Халықпен кері байланыс болуы керек. Сол жерлерде жеке қабылдау болады. Мен өзім де, министрлер де бағыт-бағыт бойынша жеке қабылдайды, кездесулер болады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті ХҚО-лар мен Жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстары, дайындығы қаралады.

Жұмысқа білек сыбана кіріскен су жаңа вице-премьер өңірлерге сапар барысында тұрмысы төмен отбасыларды аралап, олардың тыныс-тіршілігін өз көзімен көрмек. Халықтың талап-тілегін ескеріп, қордаланған мәселелердің шешімін қарастырамыз деп отыр. Бірінші кезекте Үкімет халықты жұмыспен қамтып, көпбалалы аналардың үйде отырып еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға ден қоймақ. Тіпті өз ісін бастауы үшін несие беру де қаралады. Жастарға грант бөлу де жоспарда бар. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы әлеуметтік карта түзеді. Оның негізінде еліміздегі әр отбасының табысы есептеліп, көмекке ең мұқтаж дегендері анықталады. Соған сәйкес жәрдемақы тағайындалады. Бастысы тиісті көмекті алу үшін әрі-бері сандалмайсыз. Министр осылай деп сендірді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Осындай атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін бір бума қағаз жинайды, сондай-ақ мекемелер арасында жүреді. Соны азайту үшін бізде «Е-Халық» ақпараттық жүйесі бар, сол арқылы тиісті жұмыстар іске асырылады. Егер тұрғындардың құжаттары жеткіліксіз болса, сол құжаттарды беретін мемлекеттік органдардан қажетті мәліметтерді алып, азаматтарға тиісті көмекті тағайындайтын болады.

Халықтың әл-ауқаты артуы үшін ең төменгі жалақы алатын азаматтардың табысы 30 пайызға ұлғаяды. Денсаулық сақтау министрлігі айлығы көтерілетін қызметкерлердің тізімін жасақтап қойыпты. 225 мың сала маманы осындай қолдауға ілігеді. Сондай-ақ білім саласы еңбеккерлерінің де жалақысы артады.

Осылайша сала басшылары Nur Otan партиясының съезінде Президент айтқан тапсырмаларды орындауға білек сыбана кіріскен. Ал қордаланған мәселелерді шешуге алдағы 3 жылда қазынадан 2,3 трлн теңге қаражат бөлінеді.

Хабар 24 телеарнасы