377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыдағы құлағы нашар еститін 350-ге жуық адам сурдоаудармашының көмегіне мұқтаж

  • 207
  • UPD: 20:37, 05.03.2019

Қарағандыда тұратын мүмкіндігі шектеулі 350 жан мемлекеттен берілетін көмектен қағылып отырғанын кеше құлаққағыс еткен едік.

Қаладағы құлағы нашар еститін жандар бір ай бойы сурдоаудармашының қызметіне жүгіне алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені тендер уақытынан кешіккен. Қарағанды қаласындағы құлағы нашар еститін 350-ге жуық адам сурдоаудармашының көмегіне мұқтаж. Кейбіріне ауруханаға барып ем алуы керек болса, енді бірі банкте несие рәсімдеуі мүмкін. Бұған қоса нотариустағы және халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы шұғыл жұмыстарын шешу керек. Өкінішке орай, мүгедектер бұл көмектен қағылып отыр. Ал 20 сурдоаудармашы жұмыссыз қалған.

Альбина Ахатова, сурдоаудармашы:

– Бірінші наурыздан бастап біз жұмыссыз қалып отырмыз. Яғни біз сөйлемейтін адамдарға сурдоаударманы жасамаймыз. Жұмыс істегіміз келіп тұр, бірақ бізде келісімшарт жоқ. Жылда қайталанады.

Мамандардың айтуынша, қаңтар айында сурдоаударма қызметін көрсететін қоғамдық ұйымдар арасында екі мәрте тендер өткізілген. Алайда құжатта шикілік кеткендіктен, ол заңсыз деп танылған. Кейін 28 ақпанда байқау үшінші рет жарияланады. Енді оның қорытындысы тек наурыздың 20-да белгілі болмақ. Ал ол қаржы сурдоаудармашыларға жеткенше кемінде бір ай уақыт керек. Сондықтан бөлім басшылары мәселені жедел түрде шешудің басқа жолын ұсынып отыр. 

Тендердің әлегі әлеуметтік саладағы өзге де мамандарды әбігерге салып отыр. Мәселен, мемлекеттік сатып алу байқауының кеш өткізілуінен мүмкіндігі шектеулі жандар таксисіз қалған. Бұған қоса әлеуметтік көмекшілер де жұмысына кірісе алмай отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы