375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада киім-кешек тегін берілетін әлеуметтік дүкен ашылды

  • 329
  • UPD: 20:38, 05.03.2019

Астанада мұқтаж жандарға арналған әлеуметтік дүкен ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауда үйінің ерекшелігі сол, ондағы заттар түгелдей тегін. Келушілер бар болғаны жеке куәлігін көрсетуі тиіс.

Алмагул Есжанова – көпбалалы ана. Отбасында үйелмелі-сүйелмелі бес ұл өсіп келеді. Көпбалалы жанұяға қандай көмек болсын артық етпейді. Кішкентайларымның барлығы да – ойын баласы. Киімдерін тез тоздырады. Сондықтан «тегін дүкен ашылды дегенді естіп, бірден келдім», – дейді ол.  

Алмагүл Есжанова, қала тұрғыны:

– Балаларға киім алдым. Сапасы жақсы. Үйге киіп тастауға болады. Көшеге киюге жаңасын алсақ та, үйге осы жерден алуға болады.

Дүкен ашылғалы бері он шақты күннің ішінде 9 мыңға тарта киім беріліпті. Бәрі тегін. Заттардың дені бұрын пайдаланылған. Арасында жаңасы да бар. Мұнда оны әкелген жұртшылық та ақы сұрамайды. Бастысы әкелген дүние таза, әрі бүтін болуы керек.

Алмагүл Қапанова, қала тұрғыны:

– Дүкен ашылғанын естіп, үйдегі өзімнің, сіңлілерімнің таза киімдерін әкелдік.

Қайырымдылықты мақсат еткен игі істің жүзеге асырылуына кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Олар әкелген жаңа аяқкиім, киім-кешек пен азық-түлік көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қарап отырған жанұяларға таратылған. Дүкенде киім-кешек, ойыншықтан бастап, тұрмыстық техника, жиһазға дейін бар.

Берік Арыстанбай, қайырымдылық қорының өкілі:

– Қымбат техникалар да келіп жатыр. Оның ішінде шаңсорғыш та бар. Мұқтаж жандар өз қажеттіліктеріне қарай алып жатыр. Барлығы тегін.

Әзірге дүкенде айына бір адамға екі киімнен алуға рұқсат етілген. Егер отбасы бала-шағалы болса, одан да артық алуына болады. Айта кетейік, сауда нысанында еріктілер тегін жұмыс істейді. Десе де, қайырымдылық қоры олардың жалақысын төлеу үшін демеушілер іздейді. Алдағы уақытта қор дәл осындай азық-түлік тегін тарататын және балаларды ойын сауық орталықтарында ақысыз демалдыратын жобаны қолға алмақ.

Хабар 24 телеарнасы