378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

IT маманы жөнделген компьютерлерді тұрмысы төмен отбасыларға тарту етіп жүр

  • 260
  • UPD: 14:38, 06.03.2019

«Қайырымдылық жасау үшін қомақты қаражаттың қажеті жоқ» дейді алматылық Равиль Насифуллин. Ол өз еңбегімен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды компьютермен қамтамасыз етіп жүр. 

ІТ маманы Равиль Насифулиннің бұл игілікті істі қолға алғанына бір жарым жыл болыпты. Қарағандыдан Алматыға көшіп келген азамат ескі компьютерлерді құрастырып, жөндеп, жағдайы төмен отбасыларға сыйлайды. Өзінің тәжірибесімен  әлеуметтік желіде бөліскен оған әлеумет те қолдау көрсете бастаған.

Равиль Насифуллин, ІТ маманы:

- Осы уақытқа дейін шамамен 135 компьютер жасап тараттым. Көптеген адамдар істен шыққан тұрмыстық техникаларын өздері әкеліп береді. Тұрмысы нашар отбасыларды аралай жүріп, көп жағдайды көрдім. Кейбіреулерінің компьютер сатып алуы былай тұрсын, ішерге ас, киерге киімі жоқ.

Равиль бүгін Айбын деген балаға компьютер сыйлады. Өзге балалар секілді өзінің жеке компьютері болғанын армандаған балақайдың қуанышында шек жоқ.

Айбын Айтқазы: 

- Бұл компьютерді мен қолдана аламын. Бұл компьютерден ойындар көремін, әртүлі фильмдер көремін. Сіздерге алғысымды білдіремін.

Равильдің бастамасына еріктілер де қолдау көрсете бастады. Олар қала мен облыс аумағында тұратын тұрмысы төмен отбасылар, мүмкіндігі шектеулі немесе ата-анасы жоқ  балалардың компьютерге мұхтаж екені туралы ақпарат жинап, көмектесіп жүр. 

Айман Жексебаева, ерікті:

- Біздің сыныпта көп балалы ана бар. Ол бірнеше рет инсульт және инфаркт алған. Жұмыс істеуге қабілеті жоқ. Соған аздаған көмек көрсету үшін Равильге хабарластым. Жалпы Іле ауданы бойынша мұхтаж адамдарға алпысқа жуық компьютер сыйладық.

Равильдің ендігі жоспары-тұрғындардың жарамсыз болып қалған смартфоны мен  планшеттерін жөндеуді қолға алу. Өйткені ұялы телефонға деген сұраныс жоғары. Сондай-ақ қайырымдылық қор құрып, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту да жоспарда бар.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы