378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде әлеуметтік көмекке қол жеткізетін отбасылардың саны көбейеді

  • 310
  • UPD: 20:29, 06.03.2019

Елбасы тапсырмасына сай жәрдемақының мұқтаж жандарға жүйелі жетуін жергілікті атқарушы билік қадағалайды.

Бүгіннің өзінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың тізмі жасалып, халық арасында түсіндіру жұмыстары басталып кетті.

Бүгінде Қарағанды облысының Абай ауданында атаулы әлеуметтік көмек бар-жоғы 15 отбасыға беріледі. Енді Елбасы тапсырмасына сәйкес, оны алу шарттары жеңілдейтін болса, 300-ге жуық отбасының кірісі артпақ. Жергілікті атқарушы билік мемлекет берген мүмкіндікті әр тұрғынға жеткізу үшін ауыл-ауылды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айгүл Сейфуллина, Абай аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының м. а.:

- Қазіргі таңда бізде әлеуметтік көмекті 200 адам алса, келесіде 2 мың адам алады деп күтіп отырмыз. Енді сол адамдарды шақырып келіңіздер, осындай оқу бар, кәсіптік оқу болады деп жатырмыз. Көп балалы аналарға 500 мыңнан грант берейін деп жатыр ғой, қайтармайтын грант, соны түсіндіріп, сосын өз жұмысын ашу үшін, кредит алу үшін, соның барлығының жағдайын түсіндіріп жатырмыз.

Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауға Түркістан облысының мамандары да кірісті. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне көп балалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмектің тегіс жетуін қадағалауды тапсырды. Бұл облыс көп балалы аналар саны бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Атаулы әлеуметтік көмек республика бойынша 28 млрд теңгеге жасалады. Соның 15 млрд 700 млн теңгесі осы Түркістан облысына тиесілі. Яғни 55 пайызы. Бұл да үлкен серпіліс береді. Жәрдемақы деген уақытша нәрсе. Біз әр отбасымен жұмыс істеп, сол отбасындағы балаларды жұмысқа тартып, оларды кәсіпкерлікке баулуымыз керек. Сонда ғана ол отбасылар аяққа тұрып, ары қарай жетіліп кетеді.

Әлеуметтік жәрдемақы алатындардың қатары Ақтөбе облысында да көбейеді. Бұл туралы Nur Otan партиясының облыстық филиалының активінде айтылды. Жиынға келгендер білім беру, денсаулық сақтау саласындағы барлық проблемаларды назарға алып, әлеуметтік жағдайды жақсартудың бағыттарын айқындады.

Қайрат Отаров, «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ басшысы:

- 2018 жылы Ақтөбе облысы бойынша 20 083 адамға аз қамтылған отбасыға арнайы әлеуметтік жәрдемақы төленген болатын. Осы тапсырмаға байланысты алушылардың саны көбейеді. Енді 2019 жылы 29 мыңнан астам адам осы көмекті алуға жүгінеді. Оған республикалық бюджеттен қосымша 3, 5 млрд теңге қаржы қарастырылуда.

Әлеуметтік көмек берудің жаңа ережесіне сай, алтын немесе күміс алқаға және мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы отбасының кірісі болып саналмайды. Бұл көптеген отбасының жәрдемақыға қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Бұған қоса мемлекет кәсіп ашамын деген аналарға қайтарымсыз гранттар үлестірілмек.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы