378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы 150-ден астам елді мекен арнайы жобаға енгізілмек

  • 204
  • UPD: 09:29, 07.03.2019

Қостанай облысы бойынша 150-ден астам елді мекенді «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы он шақты жылда өңірдегі осыншама ауылда өмір сүру сапасы әжептәуір жақсармақ. Дәлірек айтқанда газ, су тарту, жол салу жұмыстары қарқын алады.

Санай ақсақалдың жасы жетпіске тақаса да, әлі қайраты қайта қоймаған.Үй шаруасынан қолы қалт етсе, аңға шығып, құс салады. «Қазір ауылда тұрып, жұмыс жоқ деу – күпірлік», – дейді көпті көрген қария.

Санай Іркітбай, Заречный ауылының тұрғыны:

– Ауылда жұмыс істейтін адамға жұмыс көп, мал асырау, көкөніс егі бар. Қазір бәрі дайын. Бұрынғыдай ағаш жарып, көмір тасымаймыз.

Санай ақсақал мен Әзей әжейдің балалары іргелес тұрады. Бірі малмен айналысса, екіншісі ер тоқым, жүген сияқты ат әбзелдерін, тағы бірі киіз үй жабдықтарын жасайды.

Әзей Бәлелқызы, Заречный ауылының тұрғыны:

- Ресейден де тапсырып болады. Биылдың өзінде 6-7 киіз үйді жібердік.

Халықтың тұрмыс-тірлігі үшін барлық жағдай жасалған Заречный ауылының ахуалы басқалардан көш ілгері. Сондықтан мұнда сырттан көшіп келушілер көп. Заречныйда соңғы екі жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жер үйлердің саны жүзден асады.

Қалыбек Жұмашев, Заречный селолық округінің әкімі:

– 2018 жылы 61 үй тапсырдық, бірқабатты және екіқабатты үйлер. 2019 жылы тағы да жүздің сыртында тапсыру жоспарда тұр. Үйлерге газ, жарық, су тартылған.

Әрине ауданда тасымал су тұтынып, балалары қатынап оқитын ауылдар да жоқ емес. Жергілікті атқарушы биліктің міндеті – солардың әлеуетін көтеруге күш салу. Мысалы биыл 2 мың халқы бар 4 елді мекенге ауызсу тарту межеленіп отыр. Сондай-ақ ауыл арасы және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.

Әнуарбек Қасымов, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

– Биыл Жданов ауылына бұрылыс 9 шақырым жолды жөндеуге 240 миллион тенге бөлінеді. Сондай-ақ халық көп шоғырланған Октябрь ауылына кіре беріс және ішкі жолдарын қалпына келтіруге 120 миллион тенге қаралған.

Жалпы облыс бойынша 548 ауылдық елді мекен бар. Ресми түрде соның тек 18-інің даму әлеуеті төмен, яки болашағы бұлыңғыр деп есептеледі. Ал қалған 500-ден астам ауылды түлетуге мүмкіндік бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы