378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да шағын және орта бизнес саласы жұмысшы мамандарға зәру

  • 250
  • UPD: 10:15, 07.03.2019

Шығыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнес саласында жұмысшы мамандар тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылдық жерлерде тракторшы-машинист, газ-электр дәнекерлеуші сынды жұмысшылар тапшы болып жатса, қалада қызмет көрсету кадрлары жоқтың қасы. Қазір өңірдегі колледждер осы мәселенің шешімін табуға басымдылық беріп отыр. Сонымен қатар студенттердің өз кәсібін ашуға деген құлшыныстарын арттыруға ден қойған.

Шығыс Қазақстан облысында ақпан айының басына 5 мыңнан астам жұмыссыз тіркелген. Соның мыңынан көбі Өскеменде. Шаһардағы шағын және орта бизнес өкілдеріне қызмет көрсету саласындағы мамандар ауада қажет екен.

Нұржан Қанапин, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Берілетін вакансиялардың анализі бойынша шағын және орта бизнес көбінде жүргізушілер,косметологтар, шаштараз мамандары қажет. Облыс ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, тракторист машинистер керек.

Дегенмен көп жағдайда жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің талаптары сәйкес келмей жатады. Ондай кезде облыста тиісті жұмысшы мамандығын қысқа мерзімде оқып алуға болады. Өңірдегі колледждер де еңбек нарығындағы сұраныс үдесінен шығуға мүдделі.

Марат Нұрғалиев, колледж директоры:

– Түрлі саладағы сұраныстарды ескере отырып, 12 кәсіби білім беру бағдарламасы жасалған. Олардың арасында техникалық, қызмет көрсету саласы мамандары да бар. Болашақ кәсіп иесі өз ісін жылдам меңгеріп кетуі үшін, осы бағыттың әрбірі бойынша бізде шеберханалар бар.Толық заманауи құралдадрмен жабдықталған ол жерлерде студенттер тәжірбиелерін шыңдайды.

Бұл жерде материалдық базаны нығайту мақсатында жыл сайын 15-20 милион теңге жұмсалады. Есесіне колледж түлектері нағыз дайын маман болып шығады. Мұнымен қатар жастардың бизнеске икемділігін арттыру мақсатында оқыту бағдарламалары да жаңартылуда. Ксения Кученина оқуын аяқтаған соң қандай кәсіппен айналысатынын жоспарлап та қойыпты.

Ксения Кученина, колледж студенті:

– Мен Таврия аулынан келгенмін. Өзімнің білуімше, бізде кондитерлік дүкендер мүлдем жоқ.Сондықтан мен туған ауылымда осы саланы дамытқым келеді. Дәл осы бағыттағы кәсіпкер болсам деп армандаймын.

Осылайша кәсіби техникалық білім беру саласы болашақ табысты кәсіпкерлердің негізін қалауда. Жалпы елімізде мұндай бағдарлама бойынша жеңілдетілген білім беру тетігін 318 колледж ұсынып отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы